Павлодарлықтар діттеген жеріне электросамокатпен жете алады
Бүгінгі таңда қалада 200-ге жуық электросамокатты жалға алуға болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Jet» компаниясы дамыту бөлімінің басшысы Алеко Гоглоевтың айтуынша, ол үшін арнайы Jet қосымшасын жүктеп, видео-оқытуды өтіп, қозғалысыңызды бастасаңыз болғаны.
– Дегенмен басқа қалалардағыдай самокаттарды кез келген жерде тастап кетуге болмайды. Арнайы 150-ге жуық тұрақ бар. Ол тұрақтар мобильді қосымшада көрсетілген. Күндіз немесе түнде электросамокаттарды қызметшілер алып кетіп, базада техникалық бақылаудан өткізеді. Ақаулар болса жөндеп, таңертең қайта қолданысқа қояды. Алдағы уақытта 500 самокат қолданысқа енбек. Біз көптеген шағын қалаларда самокаттарды қойып, сынақтан өткізіп көрдік. Павлодарлықтарға самокаттарды дұрыс қолдану ережесін үйретуге тырысудамыз, – дейді Алеко Гоглоев.
Қалада серуендеп қайтуға немесе жұмысқа, сабаққа асығып бара жатқанда осы қозғалыс құралын қолданудың бір минуттық құны – 35 теңге. Бастапқы жалға алу құны – 100 теңге, кейін бағасы уақытына қарай өзгеріп отырады.
«Jet» мобильді қосымшасымен самокаттардың қай жерде екенін көріп, алдын ала жалға алуға болады.
Сонымен қоса, кәмелеттік жасқа толмаған балаларға бұл қозғалыс құралын қолдануға тыйым салынады.