Павлодар облысында кейбір үйлерге әкімдік тарапынан назар аударылмай отыр
Бұл мәселе облыс әкімдігінде талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, 2231 көпқабатты тұрғын үйдің 46,7 пайызы толық дайын. Өткен жылы дәл осы күнге дейін көпқабатты үйлердің 29,7% дайын болған еді.
Ержан Салханов Екібастұздағы жағдайға тоқталып өтті. 690 көпқабатты үйдің 84,2 пайызы жылу беру маусымына толық дайын.
Облыстық мәслихатта өткен жиын барысында Екібастұзда басқару нысаны жоқ 182 үй қалалық кәсіпорындардың меншігіне өткені белгілі болды.
Павлодар қаласы әкімдігінің мәліметі бойынша, 1277 үйдің 24,1 пайызы толығымен дайын. «Павлодар жылу желілері» 38 көпқабатты үйдің дайындық актісін алғанын хабарлады.
Ақсу қаласына келсек, мұнда дайындық көрсеткіштері жоғары. Қала әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, дайын үйлердің саны 56 пайызды құрап отыр. 14 үй толық дайын.
– Тұрғын үйлерді дайындау барысын саралай келе, Павлодар және Ақсу қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындық жұмыстарының уақтылы аяқталмау қаупі бар. Сонымен қатар, ешбір басқару меншік түріне кірмей қалған үйлерге әкімдіктердің тарапынан назар аударылмай отыр, – дейді Ержан Салханов.
Павлодарда – 177, Екібастұзда – 182, Ақсуда үш үйдің басқару нысаны жоқ.
Ержан Салханов қала әкімдіктері мемлекеттік органдардың төрағаларымен түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тұрғын үй қорын дайындауды ерекше бақылауға алуы қажет деп санайды.
Облыс әкімі қала, аудан, басқарма басшыларына алдағы қыс маусымына дайындықты жеке бақылауға алуды тапсырды.