Павлодарда өзіне оқ атқан полиция қызметкері қайтыс болды
Ол жансақтау бөлімінде 18 сағат жатты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дәрігерлер Ертіс аудандық полиция бөлімінің 22 жастағы қызметкерінің өмірін сақтап қала алмады. Павлодар қаласындағы бірінші қалалық ауруханасына санавиация науқасты 30 маусымда түнгі сағат екіде жеткізді. Полицей басынан оқ жарақатын алып, комаға түскен.
– Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Өте ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жатқызылды. Қажетті диагностикалық шаралар жергілікті жерде жүргізілді. Жағдайы ауыр болды. Өмірге сәйкес келмейтін жарақаттарға байланысты науқас 30 маусымда сағат 20:10-да қайтыс болды, – деп хабарлады ауруханада.
Естеріңізге сала кетейік, дереккөздердің хабарлауынша, кіші сержант үйде табельдік қарудан өзіне оқ атқан. Полиция департаменті тергеуді бастады.