Павлодарға Индонезиядан студент келді: TOU-дың халықаралық қауымы 29 елге жетті
Торайғыров университетінде 450-ден астам шетелдік студент білім алып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026-2027 оқу жылында TOU-дың шетелдік студенттер географиясы Азия мен Африканың жаңа елдерімен толықты. Олардың қатарында Пәкістан, Палестина, Филиппин, Индонезия және Үндістан, сондай-ақ Сомали, Судан, Гамбия, Танзания және Эфиопия бар. Жаңа оқу жылында TOU студенттерінің қатарына Индонезия азаматы да қосылды.
Биылғы оқу жылына стипендиялық бағдарлама арқылы университетке қабылданған алғашқы студент – Индонезия азаматы Натания Риана (Nathania Riana).
Жас студент Павлодарға ата-анасымен бірге келіп, Торайғыров университетінің инфрақұрылымымен және білім алу мүмкіндіктерімен танысты. Бұл оның Қазақстанға және Павлодар қаласына алғашқы сапары болды.
Натания Риана Ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінде «Биотехнология» білім беру бағдарламасы бойынша білім алады. Бағдарлама аясында студенттер теориялық білім алып қана қоймай, практикалық және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатыса алады.
Шетелдік студенттер санының артуына мемлекеттік білім беру бағдарламалары да ықпал етіп отыр. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылатын «Study in Kazakhstan» стипендиялық бағдарламасы.
Бағдарлама аясында жыл сайын шетелдік азаматтар мен Қазақстан азаматы болып табылмайтын этникалық қазақтарға 550 грант бөлінеді. Оның ішінде бакалавриатқа – 490, магистратураға – 50, докторантураға 10 грант қарастырылған.
2026-2027 оқу жылында осы бағдарлама бойынша Торайғыров университетіне 24 грант иегері қабылданды.
Университет шетелдік студенттерді қабылдаумен қатар, академиялық ұтқырлықты дамытуға, халықаралық жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатуға және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруға басымдық беріп келеді.
Бүгінде Торайғыров университетінің халықаралық студенттер қауымдастығы түрлі мәдениеттер мен білім беру тәжірибелері тоғысатын ортаға айналған. Әлемнің әр түкпірінен келген жастар бір оқу орнында білім алып, тәжірибе алмасып, жаңа кәсіби және достық байланыстар орнатуда.
Университет өкілдерінің айтуынша, халықаралық студенттер географиясының кеңеюі оқу орнының халықаралық білім беру кеңістігіндегі байланыстарының жылдан-жылға нығайып келе жатқанын көрсетеді.