Павлодарлық университетте дәстүрлі хакатон конкурсы басталды
Аталмыш байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам өтінім келіп түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде IT бағытындағы дәстүрлі хакатон «KuickHack’24» іс-шарасы басталды. Бұл жастардың жасанды интеллектке деген қызығушылығын арттыру және дамыту, жасанды интеллект технологияларын танымал ету мақсатында ұйымдастырылуда. Яғни қатысушылардың жасанды интеллект көмегімен бағдарламалық өнімдерді жасауға ынталандыруға, идеяны жұмыс прототипіне айналдыруға, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Шараның ашылуына Марғұлан университеті ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин қатысып, ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, командаларға сәттілік тіледі.
– Сіздерді «KuickHack’24» шарасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін біз еліміздің әр түкпірінен жас IT мамандарын жинап, солардың арасынан ең үздіктерін таңдауға шешім қабылдадық және олардың өз білімдерімен бөлісуге мүмкіндік жасадық. Осындай ерекше жоба үшін ұйымдастырушыларға және демеушілерге алғыс білдіремін, – деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Жаратылыстану жоғары мектебінің вице-деканы, қауымдастырылған профессор, PhD докторы Дария Абыкенованың айтуынша, конкурсқа қатысуға Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Тараз,Қарағанды, Қостанай, Өскемен, Семей, Петропавл және Павлодар қалаларынан 70-тен астам өтінім түскен.
Ашылу салтанаты барысында қатысушылар үшін Хакатон тапсырмаларын көрсету және жобаны әзірлеуге қойылатын талаптарды хабарлау рәсімі болды.
Сонымен қатар, IT саласының білікті мамандары түрлі тақырыпта дәріс оқып, өз білім және тәжірибелерімен бөлісті. Еске салайық, жеңімпаздарды анықтау және марапаттау рәсімі 4 мамыр күні өтеді.