Президент: «Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі»

Президент: «Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі»
Фото: Ақордадан

Президент: «Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар ғалымды марапаттады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Мемлекет басшысы жиналғандарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтады.  

- Осы белгілі мереке қарсаңында Ақордаға жиналып, бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған, яғни, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым. Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі десек, қате болмайды. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін, басқаша айтсақ, «ғылым-білім бар жұрттар» ғана өркениеттің өріне шығады. Бұл – ақиқат. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі екені сөзсіз, - деді Президент.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымға көрсетіліп жатқан жүйелі қолдау шараларына тоқталды.  Биылғы жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы деп жарияланғаны да жайдан жай емес. Соңғы 5 жылда осы салаға бөлінетін қаржы көлемі 6 еседен асып, еліміздегі зерттеу университеттерінің саны көбейген. Енді ғылыми жобаларға инвестиция салатын бизнес өкілдеріне салық жеңілдігі берілетін болады. 

- Алдымызда тағы бір маңызды міндет тұр. Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Өйткені қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр және мақсаты биік жастардың қолында. Талапты әрі талантты азаматтар келешекте ұлттың шамшырағына айналады. Олар Қаныш Сәтбаев сияқты алып тұлғалардың жолын жалғайды. Сондықтан жас зерттеушілерге қамқор болуымыз керек. Бұл бағытта нақты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жыл сайын жас зерттеушілер әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына барып, тәжірибе жинап, тағылым алып жүр. Осындай нақты шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады, - деді Мемлекет басшысы.

Президент зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеуге мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты екенін айтты.  Бұдан бөлек, инженерлік-техникалық кадрларды даярлау, ғылым қалашықтарын дамыту мәселелеріне назар аударды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауын өткізу тамыз айын жоспарланғанын атап өтті.

- Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді.Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі, - деді ол. 

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының түпкі мәні қоғамдық сананы жаңғырту екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент «Әл-Фараби» орденін енгізуді ұсынды.

- Мен жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін енгізу қажет деп санаймын. Бұл марапат білім мен ғылым, мәдениет пен руханият саласында зор табысқа жеткен азаматтарға беріледі.  «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылатын болады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент кәсіби мереке қарсаңында ғылым саласында зор жетістікке жеткен және жоғары білімді дамытуға елеулі үлес қосқан ғалымдарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Олардың қатарында Торайғыров университетінің профессор, тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бүгінгі таңда Виктор Карловичтің еңбектері халықаралық деңгейде танылып, беделді ғылыми басылымдарда жариялануда. Ол шетелдік әріптестерімен тығыз ғылыми байланыс орнатып, Қазақстан тарихын зерделеу ісіне сүбелі үлес қосып келеді.