Президенттің Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылды

Президенттің Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның орнына ҰҚК құрамында арнайы қызмет құрылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтының мәліметінше, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құрылымдық өзгерістерді көздейтін Жарлыққа қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына енгізіледі. Оның базасында ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі құрылады.

Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, оны үйлестіру, алдын алу және антикоррупциялық мәдениетті дамыту функциялары Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне беріледі.

Жарлыққа сәйкес, Агенттік Президентке тікелей бағынатын мемлекеттік органдар тізімінен шығарылады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бір ай ішінде берілетін функциялар мен өкілеттіктерді қайта бөлуді пысықтауы тиіс. Екі ай ішінде Жарлықты жүзеге асыруға бағытталған өзге де шаралар қабылдануы қажет. Сонымен қатар, Үкімет 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін тиісті заң жобасын әзірлеп, оны Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге міндетті.

Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді. Оның орындалуын Президент Әкімшілігі қадағалайды.