Қазақстанда шекарадан өткізу ережелері қайта қаралады

Енді жалған мәлімет бергендер бұғатталады, күту аймақтарын ұйымдастыру міндеттеледі, жедел және артықшылықты өткізу жүйелері енгізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік шекара арқылы автокөлік құралдары, жүктер мен тауарларды өткізу тәртібіне бірқатар өзгерістер әзірледі. Өзгерістер 2023 жылғы 27 маусымдағы №707 бұйрыққа енгізіледі және электрондық кезек жүйесі арқылы шекарадан өтуді жетілдіруге бағытталған.
Жаңа жобада жалған деректер берген немесе брондалған уақытты пайдаланбаған тұлғаларды бұғаттау және кепілдік жарна жүйесін енгізу қарастырылған. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар өткізу пункттерінің жанында арнайы күту аймақтарын ұйымдастыруға міндеттеледі. Кезектен тыс өту үшін ақылы режим енгізіліп, тез бүлінетін, жануарлармен немесе қауіпті жүк тасымалдайтын көліктерге жеке слот бөлінеді. Сонымен қатар, фотофиксация, сәйкестендіру, сақтандыру және VIN деректерімен жұмыс істеу тетіктері нақтыланып, бірнеше мәрте брондауға шектеу қойылады, бірақ уақытты өзгерту мүмкіндігі кеңейтіледі.
Жоба тасымалдаушылардың ұсыныстары мен қолданыстағы тәжірибені ескере отырып әзірленген. Ұсынылып отырған өзгерістер шекарадан өту үдерісін ашық, тәртіпті әрі болжамды етуге, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың жұмысын жеңілдетуге және өткізу пункттерінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Құжат 2025 жылғы 14 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылған. Пікірлер мен ұсыныстарды «Ашық НҚА» порталында қалдыруға болады.