Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастарға 33 жыл толды

Ресей мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастарға 33 жыл толды
Фото: gov.kz

Мемлекет басшылары тұрақты байланыс орнатып, барлық салада ынтымақтастықты дамытып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

22 қазан – Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 33 жыл толатын күн.

Ресейдің Қазақстандағы елшілігі екі ел арасындағы қарым-қатынастар көпғасырлық тарихи байланыстарға, өзара сенім мен мүдделерді құрметтеуге негізделген стратегиялық әріптестік пен одақтастық сипатқа ие екенін атап өтті.

Екі елдің халықтарын ортақ мәдени, рухани және адамгершілік құндылықтар, ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарих пен жетістіктер біріктіреді.

– Ресей мен Қазақстан басшыларының арасында тығыз жеке байланыс орнаған. Олар екіжақты, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша «сағаттарын теңестіру» мақсатында тұрақты кездесулер мен телефон арқылы сөйлесулер өткізеді. Сыртқы істер министрлері де үнемі байланыста болып, өзара іс-қимылды жалғастырып келеді, – деп хабарлады елшіліктің баспасөз қызметі.

2024 жылдың қазан айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Сапар қорытындысы бойынша көпқырлы екіжақты ынтымақтастық архитектурасын нығайтқан ауқымды құжаттар пакеті қабылданды.

Елшіліктің мәліметінше, Ресей – Қазақстанның ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестерінің бірі.

– 2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 28 миллиард АҚШ долларынан асып, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жоғары деңгейін сақтап қалды (27,8 миллиард доллар). Өзара есеп айырысулардағы ұлттық валюталардың үлесі 90%-ға жақындады. Қазақстанда ресейлік капиталы бар 23 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Ресейдің Қазақстан экономикасына салған жиынтық инвестициясы 10 миллиард доллардан асты. Барлық негізгі салаларда 60-тан астам ірі бірлескен жоба жүзеге асырылуда, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта «Газпром», «Газпромнефть», «Татнефть», «Лукойл» және басқа да жетекші компаниялар жұмыс істейді.

– Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығы шынайы одақтастық сипатқа ие және барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келеді. Ресей біздің халықтарымыздың игілігі үшін Қазақстан Республикасымен көпқырлы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын, – деді Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өзінің «Ресей – Қазақстан: өмір талап еткен және болашаққа бағытталған одақ» атты мақаласында.

Елшілік өкілдері атап өткендей, Ресей мен Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты (ЕАЭО) құрудың бастауында тұрды және ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ аясында тиімді өзара іс-қимыл жасап келеді.

Астана Еуразияда тең және бөлінбейтін қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру жөніндегі Ресей бастамасын қолдайды. Екі ел әділетті көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастырудың алдыңғы қатарында болып, халықаралық құқықтың жетекші рөлін жақтайды.