Саумын деп ойлаған: Павлодарлықтарды қатерлі ісікті ерте анықтауға шақырады
Биыл 68 тұрғын алғашқы сатыдағы онкологиялық аурулардан емделіп шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық онкологиялық диспансер директорының орынбасары Тельман Әлғожин мәлім етті.
– Короновирусқа дейін скринингте 200-ге жуық адамда онкология дертін анықтаған едік. Олар өздерін сау деп санап жүрген және ісігі бар екеніне күдіктенбеген. Одан кейін пандемия кезінде скрининг өткізбедік, – деді Тельман Әлғожин.
Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша скринингке келгендердің ішінен 68 адамда алғашқы сатыдағы ісік анықталды.
– Біздің өңір онкологиялық сырқаттанушылық көрсеткіш бойынша жетекші үштікке кіреді. Жыл сайын Павлодар облысында 2400-ден астам жаңа жағдай анықталып жатады. Қазіргі таңда облыстық диспансерлік есепте 13 700 адам тұр, – деді Тельман Әлғожин. – Қазақстанда бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 54-55%-ды құрайды, ал облысымызда – 57%. Яғни, бұл – өңірімізде ерте кезеңдегі ауруларды анықтау өте жақсы деңгейде екендігінің дәлелі.
Дәрігерлердің сөзінше, ерте кезеңде қатерлі ісікті өздігінен анықтау мүмкін емес. Оны тек скринингтен немесе профилактикалық тексерістен өткен кезде ғана байқауға болады. Онкологиялық науқастардың негізгі контингенті зейнеткерлікке дейінгі, 60-65 жас және одан жоғары кезеңді құрайды.
– Ересектер арасында бірінші орында сүт безінің қатерлі ісігі, екіншісінде өкпе қатерлі ісігі, үшінші колоректальды қатерлі ісігі, төртінші асқазан обыры, бесінші орында жатыр мойны қатерлі ісігі тұр, – деді Тельман Әлғожин.
Балалар арасында бұрын лейкоз ауруына шалдыққандар көп болса, бүгінде орталық жүйке жүйесінің ауруларымен жиі науқастанады.
Дәрігерлер қатерлі аурудың алдын алу үшін уақытылы скринингтен өтуге кеңес береді. Елде ерте диагностика мақсатында сүт безі обыры – маммография, жатыр мойны обыры – цитологиялық скрининг және колоректальды обыр – гемокульттест скринингтері бар. Оларды тіркелген жері бойынша МСАК емханаларында тегін өтуге болады.