Шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензияны қалай алуға болады?

Шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензияны қалай алуға болады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елімізде қолма-қол шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша айырбастау операцияларын Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) берген лицензияға сәйкес уәкілетті ұйымдар немесе қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар банктер ғана жүзеге асыра алады. 

Басқа тұлғалардың елде қолма-қол шетел валютасын сатып алу және сату бойынша қаржылық қызметтер көрсетуге құқығы жоқ.

Лицензия алу қызметін тек айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын жауапкершілігі шектеулі ұйым құруы қажет. Осыдан кейін «электрондық үкімет» веб-порталы – egov.kz немесе «электрондық лицензиялау» порталы – elicense.kz арқылы ҚҰБ аумақтық филиалына мынадай құжаттарды жіберу қажет:

1) Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) 1-қосымшаға сәйкес тиісті лицензияны алуға арналған электрондық өтініш және оған қажетті құжаттар;

2) жарғының электрондық көшірмесі; 

3) лицензиялық алымның төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі; 

4) шетел валютасындағы банк шотының болуы туралы анықтаманың электрондық көшірмесі. 

Біліктілік талаптарына сәйкестікті растау үшін уәкілетті ұйым «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мынадай құжаттарды жібереді:

1) Қағидаларға сәйкес лицензияны және лицензияға қосымшаны алуға, сондай-ақ қолданыстағы лицензияға қосымшаны алуға арналған электрондық өтініштер;  

2) 30күнтізбелік күннен ерте емес берілген жарғылық капиталға жарна ретіндегі ақшаның есепке жазылуын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі, не қосымша айырбастау пунктін ескере отырып, жарғылық капиталы мөлшерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын қаржылық есептіліктің электрондық көшірмесі;

3) уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзін ашатын құжаттың электрондық көшірмесі. 

Уәкiлеттi ұйым қосымша ашылған айырбастау пунктiне қолданыстағы лицензияға қосымшаны алуға өтiнiш білдірген кезде, ҚҰБ аумақтық филиалында қосымша ашылған айырбастау пунктін ескере отырып уәкілетті ұйымның жарғылық капиталына салымның шығу көзiн растайтын мәліметтер болмаған кезде, 3) тармақшада көзделген құжат табыс етiледi. 

Автоматтандырылған айырбастау пунктін ашқан кезде уәкілетті ұйым «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы 1) тармақшада көрсетілген электрондық құжатты, сондай-ақ 2) және 3) тармақшаларда көрсетілген құжаттардың көшірмелерін және автоматтандырылған айырбастау пунктінің техникалық сипаттамаларын және оның белгіленген талаптарға сәйкес келуін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін жібереді.

ҚҰБ аумақтық филиалы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына лицензияны және оған қосымшаны «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы қазақ және орыс тілдерінде береді.

Қолданыстағы лицензияға қосымшаның болуы уәкілетті ұйымның айырбастау пунктінің жұмыс істеуі үшін негіз болып табылады. Қосымша айырбастау пунктін ашу үшін қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу қажет.

Басқа өңірде айырбастау пунктін ашу үшін уәкілетті ұйымның онда филиалы және қолданыстағы лицензиясы болуы қажет.  

Ол болмаған жағдайда, қолданыстағы лицензияның қосымшасын алу үшін  ашылатын айырбастау пунктінің орналасқан жері бойынша ҚҰБ аумақтық филиалына өтініш жасау қажет.

Қосымша ашылатын айырбастау пункті үшін қолданыстағы лицензияға қосымшаны алу үшін уәкілетті ұйым «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы өтініш берушінің біліктілік талаптарына сәйкес келуін растайтын құжаттарды жібереді.

Қажетті құжаттар толық ұсынылған кезде, ҚҰБ аумақтық филиалының қызметкері лицензияны және лицензияға қосымшаны алуға өтініш тіркелген күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде, қолданыстағы лицензияға қосымшаны алуға өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде құжаттарды олардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан қарастырады, лицензияның және лицензияға қосымшаның, қолданыстағы лицензияға қосымшаның не дәлелді бас тартудың жобасын дайындайды.

Уәкілетті ұйымның айырбастау пункті үй-жайының, жабдығының қойылатын талаптарға сәйкестігін қарап тексеруді ҚҰБ аумақтық филиалы қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензияны және лицензияға қосымшаны беру үшін көзделген мерзім ішінде жүргізеді.

«Электрондық үкіметтің» веб-порталында мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі көрсетілетін қызметті алушыға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында жеке кабинетке жіберіледі.

Сонымен бірге уәкілетті ұйым өзінің айырбастау пункттері арқылы ҚҰБ шығарған тазартылған құйма алтынды сатып алу және (немесе) сату операцияларын жүзеге асыруға құқылы.

Мемлекеттік қызмет бойынша толық ақпарат ҚРҰБ www.nationalbank.kz сайтында   «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде орналастырылған. 

Барлық туындаған сұрақтар бойынша Академик Сәтбаев көшесі, 44 мекенжайы бойынша немесе 8 (7182) 70-44-20, 70-44-21, 70-44-37 телефондары арқылы жұмыс күндері сағат 9:00-ден сағат 18:30-ға дейін (түскі үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін) ҚҰБ Павлодар филиалына немесе 1477 нөмірі бойынша ҚҰБ байланыс орталығына хабарласуға болады.

Серіктестік материалы