Шарбақтыда кезекте он жылдан астам тұрған отбасылар баспаналы болды
Аудан әкімі оларды жаңа қоныспен құттықтап, кілттерді табыстады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жаңа жыл қарсаңында аудан орталығында 2010 жылдан бері кезекте тұрған 12 отбасы көптен күткен пәтер кілттерін алды.
Биыл аудан әкімдігі 18 пәтерлі екі қабатты үй сатып алған болатын. Оның 12 пәтері кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін, яғни мүгедек балалары және толық емес отбасыларға бөлінді. Ал алты пәтер облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша ауданға келетін медицина қызметкерлеріне беріледі.
– Жерлестерімізді қоныс тойымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің шаңырақтарыңыз әрқашан жылулыққа, мейірімге және шаттыққа толы болсын! Әр отбасыға татулық пен береке, қуаныш пен бақыт тілеймін! Қоныстарыңыз құтты болсын! – деп құттықтады аудан әкімі Сержан Иманқұлов.
Еске сала кетейік, мереке қарсаңында Екібастұзда 70-тен астам отбасы баспаналы болды. 40 жайлы пәтерді жетім балалар, көп балалы, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар және мүгедектігі бар жандар кезек бойынша алды.