Павлодарда кәріз жүйесін жөндеу жұмыстары кешіктірілуде
Бүгінде үш шағын ауданда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
– Аймақ басшысы Асайын Байханов проблемалы үш инфрақұрылымдық жобаны аяқтауды тапсырды. Бұл Екінші Павлодар, Зеленстрой және Горторг шағын аудандарындағы кәріз жүйелерінің құрылысы. Үшеуі де кестеден қалып келеді. Аталмыш аудандарды аралау барысында барған Зеленстрой шағын ауданындағы кәріз желісінің құрылысын бақылап қайттым, – деп жазды қала әкімі Хасар Хабылбеков Іnstagram парақшасында.
Шағын ауданның 13 көшесін қамтитын кәріз жүйесін тарту жұмыстары 2022 жылы басталған. Жұмысты қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Әкім Зеленстрой тұрғындарына жаңа кәріз жүйесіне қосылу тәртібін бөлек түсіндірді.
– Мұнда көшелерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде үш көшенің жұмысы аяқталды, қалған 10 көшенің жолына ағымдағы жылдың 20 қазанына дейін асфальт төселеді, – дейді қала әкімі.
Горторг шағын ауданының тұрғындарымен кездесуде әкім мән-жайды түсіндірді. Жобаларды іске асыруды кешіктірген мердігермен келісімшарт бұзылды. Жаңа мердігер ұйым анықталды. Қазан айының соңына дейін кәріз құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Шаһар басшысы ТҮКШ бөліміне күн суытқанға дейін жолдарды ретке келтіріп үлгеру үшін жұмыс аяқталған соң дереу көшелерге ұсақ тас төсеуді тапсырды.