Toraighyrov University – әлемнің үздік университеттері қатарында
Университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 92,1%-ға жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Toraighyrov University қызметінің сапасы әлемдік QS World University Rankings 2027 рейтингінде тағы да расталды. Университет 1401+ санатындағы өз орнын сақтап қалды.
Әлемнің түкпір-түкпіріндегі 8808 университеттің ішінен қорытынды жарияланған тізімге 106 елден 1 504 жоғары оқу орны ғана енді. Осы беделді тізімде Қазақстанның 18 жетекші университеті ұсынылған. Соның бірі – Toraighyrov University.
– Toraighyrov University студенттер қауымын профессор-оқытушылар құрамымен қамтамасыз ету көрсеткіші бойынша сапалы өсім көрсетті. Оқытушылар мен студенттер арасындағы қолайлы арақатынас индексі академиялық қызметкерлердің оқу үдерісіне жоғары деңгейде тартылғанын және сапалы білім беру миссиясына адалдығын дәлелдейді. Университет түлектерінің оқу орнын тәмамдағаннан кейінгі алғашқы 6 ай ішінде жұмысқа орналасу деңгейі жоғары көрсеткішке жетіп, 92,1%-ды құрады, – дейдіуниверситеттің баспасөз қызметі.
ToU ғылыми өнімділігінің негізгі қозғаушы бағыттары ретінде «Инженерия және технологиялар», «Жаратылыстану ғылымдары», сондай-ақ «Әлеуметтік ғылымдар және менеджмент» салалары танылды.
Білім ошағы Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың тұжырымдамасына сәйкес өзінің ұзақ мерзімді стратегиясын жүйелі түрде жүзеге асыруды жалғастыруда.
Айта кетелік, бұған дейін Toraighyrov University халықаралық QS Stars бағалау нәтижелері бойынша алғаш рет 4 жұлдызға ие болған. Аталған жүйе 50-ден астам көрсеткішті қамтып, жоғары оқу орны қызметін кешенді түрде бағалауға мүмкіндік береді.
Бағалау қорытындылары бойынша университет «Білім беру», «Жұмыспен қамту» және «Басқару» бағыттарында ең жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, 5 жұлдызға ие болды. Бұл көрсеткіштер мамандар даярлау сапасының жоғарылығын және басқару үдерісінің тиімді ұйымдастырылғанын дәлелдейді.