Цифрландыру үрдісі Павлодар архивтеріне жаңа дем беруде

Цифрландыру үрдісі Павлодар архивтеріне жаңа дем беруде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жыл сайын өңірде 40 мыңға жуық архив материалдары цифрлық форматқа көшіріліп, қолжетімділік аясы кеңеюде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық архив қорларына цифрлы өмір сыйлау – жай ғана деректерді сканерлеу емес. Бұл – тарихи жадыны сақтау мен болашаққа табыстаудың жаңа мүмкіндігі. Бүгінде өңірдегі 1,1 миллионнан астам құжаттың 165 мыңнан көбі сандық форматқа көшірілген. Облыстық мемлекеттік архивтің басшысы Бақыт Смаковтың айтуынша, бұл – жалпы архив қорының 15 пайызынан асады. 

– Біз ең алдымен пайдаланушылар жиі сұрататын, маңыздылығы жоғары басқарушылық құжаттарды цифрлаймыз. Сонымен қатар, әрбір архив ісінде белгілі бір дәуірдің тілі, лексикасы мен жазу стилі сақталған. Мұның бәрі – біздің мәдени кодымыздың көрінісі, – дейді ол.

Цифрландыру жұмысы – көп сатылы және кешенді процесс. Мұнда архив істерін сипаттап, жүйелеп, сканерлеу ғана емес, сонымен қатар, деректерді белгілі бір стандарттарға сай өңдеп, арнайы жүйелерге енгізу көзделеді. Әр құжат өзінің қоры, сипаттамасы, уақыты мен типологиясымен байланыстырылып, электронды кеңістікте қайта тіршілік табады.

Архивтің ақпараттық технологиялар бөлімінде жұмыс істейтін мамандар цифрлық көшірмелердің сапасын тексеріп, оларды «Бірыңғай электронды архив» ақпараттық жүйесіне енгізеді. Бұл жүйе құжаттардың ұзақ мерзімді сақталуын және қажет кезде оңай табылуын қамтамасыз етеді.

– Біз жай ғана компьютерге дерек енгізіп отырған жоқпыз. Архивтің жаңа архитектурасын, сандық құрылымын жасап отырмыз. Бұл – келешек ұрпақ үшін де, бүгінгі зерттеушілер үшін де құнды ресурс, – дейді Бақыт Смаков.

Айта кетейік, биыл Павлодар облысының архив қызметі өзінің 100 жылдығын атап өтуде. Қазіргі таңда облыстық архив жүйесіне 12 аудандық бөлім және Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларындағы архивтер кіреді. Қорлар 1823 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықты қамтиды. Онда басқарушылық, ғылыми-техникалық, аудиовизуалды құжаттар мен жеке тұлғалардың мұрағаттары сақталған.

Цифрландыру – құжаттардың сақталуын ғана емес, тарихпен еркін жұмыс істеуді, оны зерделеуді, талдауды және келешекке жеткізуді қамтамасыз ететін маңызды қадам. Павлодар архивтерінің бұл бағыттағы жүйелі жұмысы – соның айқын көрінісі.