Түркі елдері ортақ «Силикон алқабын» құруды талқылауда
Түркі әлеміне ортақ технологиялық белдеу қалыптастыру бастамасы Әзербайжан астанасында өткен Халықаралық инженерлік саммитте көтерілді, деп хабарлайды @Pavloadarnews.kz.
Бакуде Түркияның билеуші Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары Күршад Зорлу Орталық Азиядан Түркия мен Еуропаға дейін созылатын түркі әлемінің бірыңғай технологиялық белдеуін құруды ұсынды. Жоба «Made in Türk dünyası» бренді аясында жүзеге асырылмақ.
Зорлудың айтуынша, түркі мемлекеттері күш біріктіріп, өздерінің «Силикон алқабын» қалыптастыруы қажет. Бұл ауқымды технологиялық кеңістік түркі дүниесіндегі негізгі инновациялық орталықтарды өзара байланыстырады.
— Барлық мекемелер мен ұйымдардың қолдауымен түркі әлемінің «Силикон алқабын» бірге жүзеге асырайық. Астанадан Бакуге, Ташкенттен Ыстанбұлға, Будапешттен Никосияға дейін созылатын бұл технологиялық белдеу «Made in Türk dünyası» — «Түркі әлемінде жасалған» белгісімен танылуы тиіс. Түркі әлемі экономикаларының дамуы мен 30-дан астам бағыттағы ынтымақтастық цифрлық ортамен тығыз ықпалдасуды талап етеді. Осыған байланысты Түркі мемлекеттері ұйымы цифрландыру мен жасанды интеллект бағытындағы жұмысты жеделдетуді көздеп отыр, — деді ол.
Сондай-ақ саясаткер Режеп Тайып Ердоғанның «XXI ғасыр — түркі әлемінің ғасыры болады» деген сөзін еске салып, Анкара түркі мемлекеттері арасындағы интеграцияны тереңдету стратегиясын қолдауды жалғастыратынын айтты.
Зорлудың мәлімдеуінше, 15 мамыр күні Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістан қаласында өтетін бейресми саммитінің басты тақырыптарының бірі цифрлық даму мен жасанды интеллект мәселелері болмақ.