Павлодарда кохлеарлы имплантқа арналған сөйлеу процессорларын ауыстыру жалғасуда
Өтінімдерді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде мүгедектігі бар тұрғындарды кохлеарлы имплантқа арналған сөйлеу процессорларымен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылғылар жеке оңалту және абилитация бағдарламасы аясында мемлекет қаражаты есебінен беріледі.
Биыл бұл қызметпен 18 адамды қамту жоспарланған. Оның ішінде алты адам құрылғыны алғашқы жартыжылдықта алады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы сөйлеу процессорларымен 13 адам қамтамасыз етілсе, 2024 жылы – 15, ал 2023 жылы сегіз тұрғын көмек алған.
Мамандардың айтуынша, сөйлеу процессоры кохлеарлы имплант орнатылғаннан кейін немесе соңғы рет ауыстырылған уақыттан бастап бес жылдан соң жаңартылады.
– Біз тұрғындардың тізімін «Әлеуметтік қорғауды дамыту ұлттық ғылыми орталығына» жолдаймыз. Осыдан кейін орталық мамандары павлодарлықтарды оңалту курсына шақырады. Оңалту сәуір мен тамыз аралығында бес кезең бойынша өтеді. Әр кезең 15 күнге созылады. Бағдарламаға есту қабілетін және ауызша сөйлеуді дамыту, логопедтермен, сурдопедагогтермен және психологтармен жұмыс кіреді. Сонымен қатар ата-аналарға балалармен үй жағдайында жұмыс істеу әдістері үйретіледі, – деді Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мүгедектігі бар адамдармен жұмыс бөлімінің басшысы Зоя Морозова.
Мамандардың пайымдауынша, кешенді оңалту балалардың қоғамға бейімделуіне, қарым-қатынас дағдыларын дамытуына және өмір сапасын жақсартуға көмектеседі.