«WorldSkills Kazakhstan-2023»: Павлодар облысының бас педагогы жүлдегерлермен кездесті
Республикалық чемпионатта павлодарлықтар 20-ға жуық жүлдеге ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық білім басқармасының баспаөз қызметінің мәлімдеуінше, облыстық команда құрамына 29 колледж студенті кірді.
Бүгін басқарма басшысы Самал Айтқазина «WorldSkills Kazakhstan-2023» республикалық чемпионатының өңірлік құрамасымен кездесті.
- Білімділер жарысы 23-25 қараша аралығында «ЕХРО» халықаралық көрме орталығында өтті. Кәсіби шеберлік байқауының қорытындысы бойынша өңірлік құрама 2 алтын, 1 күміс, 5 қола және 10 «Үздік маман» медалін жеңіп алған болатын, - делінген хабарламада.
Мұнда «ВебДизайн» құзыреттілігі бойынша ақпараттық технологиялар колледжінің 1-курс студенті Барт Даниил мен «Мейрамхана ісі» құзыреттілігі бойынша сервис және тамақтану колледжінің 2-курс студенті Лейман Артур алтыннан алқа таққан еді. Ал «Кескіндеме және сәндік жұмыстар» құзыреттілігі бойынша монтаждау колледжінің студенті Рагимова Евгения күміске ие болды.
Қолаға қол жеткізген бесеудің қатарында - Ақсу қара металлургия колледжінің студенті Даниил Романов, Жаяу Мұса атындағы Ақсу жоғары көпсалалы колледжінен Кресс Герман, техникалық қызмет көрсету колледжінің студенті Петраков Анатолий, сервис және тамақтану колледжінен Зейнулова Роза және Бейсен Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжінің студенті Дарья Колосковалар бар.
- Сіздер өздеріңізді «WorldSkills Kazakhstan-2023» республикалық чемпионатында жоғары деңгейде көрсете алдыңыздар. Өткен жылдағыдай, командалық жарыстың нәтижелері бойынша біздің облыс үздік бестікте кірді. Бұл үшін сіздерге көп рахмет. WorldSkills қозғалысын дамытуға және өңірлік құрамаға қатысушыларды даярлауға қосқан үлесі үшін облысымыздың барлық сарапшылар қауымдастығына, колледж басшыларына алғыс білдіремін, - деп атап өтті Самал Айтқазина.
Ұлттық құраманың әрбір қатысушысы білім беру басқармасы басшысының атынан Алғыс хат және бағалы сыйлыққа ие болды.