«Жан-тәніммен жұмыс істеймін»: Павлодарлық слесарь өмірлік ісін тапты

@Pavlodarnews.kz тілшісі Павлодардағы ERG Service машина жасау зауытына барып, өз ісінің шеберлерінің бірімен сұхбаттасты.
Ширек ғасырға жуық еңбек жолы
Дәнекерлеу-құрастыру цехының бесінші разрядты механикалық жинақтау жұмыстарының слесарі Жақсылық Жұмекенов 2004 жылдан бері ERG Service Павлодар машина жасау зауытында еңбек етіп келеді. Осы уақыт аралығында ол ұзақ еңбек жолынан өтіп, бүгінде өз орнын тапқанын сеніммен айта алады.
– Маған бұл жұмыс бірден ұнады, өз орнымды тапқандай болдым. Міне, жиырма жылдан бері еңбек етіп келемін, бұйырса, осы жерден зейнетке де шығамын деп ойлаймын, – дейді ол.
Жақсылық Жұмекеновтің жұмысы – нағыз инженерлік мозайка. Ол крандардың түрлі тораптары мен механизмдерін жинайды: көтеру жүйелері, бұғаттау құрылғылары, қозғалыс тетіктері, барабандар, доңғалақтар. Шебердің өзі айтқандай, «айналатын, қозғалатынның бәрі» оның қолынан өтеді.
Күн сайын жаңа тапсырмалар келеді. Кейде ол бөлшектерді престейді, кейде бұрғылайды, ал кейде көпірлі крандарға арналған ірі тораптармен, тіпті диірмендер мен ұсатқыштар сияқты үлкен жабдықтармен жұмыс істейді.
– Жұмыс бірсарынды емес, керісінше – әртүрлі. Кейде бұрын-соңды көрмеген бөлшектермен жұмыс істеуге тура келеді. Ондайда сызбаны зерттеп, соған сай жасап шығарамыз. Бұл өте қызықты, – дейді Жақсылық Жұмекенов.
Бәрі жоспармен
Әр ауысымда слесарьдің нақты тапсырмалары болады. Бірақ ең алдымен ол осы жұмыстарға рұқсат беретін арнайы наряд алады.
– Бүгінгі жоспарымда екі доңғалақ пен ертеңге арналған тығыздағыштар кесу бар. Осыны толық бітірмей, басқа іске кіріспеймін, – дейді ол.
Жұмыстағы ең қызықты дүние туралы айтқанда, ол бөлшектерді емес, алдымен адамдарды атайды.
– Әрине, жұмысымыз өте қызық, бірақ ең бастысы – ұжым. Бұл – қарым-қатынас, көңіл-күй, іске деген көзқарас. Біздің ұйымшыл командамыз маған қатты ұнайды, бұл – өте маңызды, – деп атап өтті ол.
Сонымен қатар, үйде де қажет болатын тәжірибе бар.
– Мен жеке үйде тұрамын, ал ол жақта әрдайым жұмыс табылады. Кәсібім күнделікті тұрмыста көп көмектеседі. Жалпы, адамның қолы бос болмауы керек қой, – деп күлімдейді Жақсылық Жұмекенов.
Ол жұмысын соншалықты жақсы көреді, тіпті демалыс кезінде де сағынып, цехтағы әріптестеріне хабарласып, зауытта не болып жатқанын сұрап отырады.
Жастарға кеңес – сабыр мен ынта
Жас әріптестеріне Жұмекеновтің кеңесі қарапайым, бірақ маңызды – көбірек сабыр керек.
– Бүгінгі жастар – жаңа идеялармен келетін, өсуге құлшынысы бар ұрпақ. Бірақ кез келген команда мүшесі болу үшін уақыт керек – өзіңді көрсетіп, бастама танытқан жөн. Сонда әріптестеріңнің де құрметіне ие боласың, өзіңе деген сенім де артады. Ең бастысы – жан-тәніңмен жұмыс істеу және қиындықтан қорықпау, – дейді тәжірибелі слесарь.
Сондай-ақ, Жақсылық Жұмекенов әріптестеріне кәсіби табыс пен ілгерілеуді тілейді:
– Зауытымыз дами берсе екен, ал біз сонымен бірге өссек деймін. Алға жылжу болса, болашақ та бар. Сондықтан іске толық беріліп, ортақ іске сеніммен қарау керек, – деп түйіндеді ол.
Жарнамалық материал