Жастарға патриоттық тәрбие беру мәселесі талқыланды
ҚР Ұлттық музейі, «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» және «Atamnyn amanaty» қоғамдық бірлестіктері бірге Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Тарихи жадыны сақтау ұрпақ сабақтастығы мен жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды фактор ретінде» тақырыбындағы конференция Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы аға ұрпақ ерлігін ұлықтаудың, тарихи жадыны сақтаудың жаңа жолдарын, бағыттары мен формаларын іздеу, тарихи-өлкетану қызметін, архивтік – іздестіру жұмыстарын жандандыру, сонымен қатар өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын дамытуды талқылауды мақсат етіп қойды.
– «Atamnyn Amanaty» және «ҚР Қарулы Күштері ардагерлері» ұйымдары арасында орнаған нәтижелі ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Бірлескен жобалар, көрмелер, архивтік-іздестіру бағдарламалары, ардагерлермен кездесулер мен білім беру іс-шаралары бізге қоғамдық диалог алаңын кеңейтуге, ұлттық тарихты тұтас қабылдауды қалыптастыруға және тарихи білімнің сабақтастығын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр, – деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы.
Конференция жұмысы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы бойынша жаңа зерттеулер мен жобалар, музейлерде соғыс туралы тарихи материалдарды ұсынудың заманауи формалары: жаңа тәсілдер мен тенденциялар, жауынгер тағдыры: архивтік зерттеудің теориясы мен практикасы, далалық іздестіру жұмыстарының нәтижелері сияқты бағыттар бойынша ұйымдастырылды.
Конференция барысында ҚР Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының орынбасары, Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов, «Мемориалдық аймақ» іздестіру жасағының жетекшісі Майдан Құсайынов, ҚР ҚК Ұлттық қорғаныс унивесритетінің оқытушысы, полковник, PhD докторы Алмагүл Алдабергенова және басқа джа зерттеушілер баяндамалар жасады.