Жағалауға машинасымен кіріп кеткен павлодарлық жауапқа тартылды

Жағалауға машинасымен кіріп кеткен павлодарлық жауапқа тартылды
ЖИ иллюстрациясы

Оның бұл әрекетін демалушылар видеоға түсіріп, полицияға жолдаған,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

dp_pavlodar ресми парақшасының директіне жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу фактісі бейнеленген бейнежазба келіп түсті.

Онда Павлодар қаласының орталық жағалауында Toyota Corona автокөлігінің жүргізушісі көлік құралын тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзғаны анықталды.

– Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, жүргізушінің жеке басын анықтады. Жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін оған қатысты әкімшілік материал рәсімделді, – дейді Павлодар облысы полиция департаментіндегілер.

Айта кетейік, жыл басынан бері көлік құралын тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін 1973 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жол қозғалысына қатысушының міндеті екенін еске салады. Егер сіз құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз, бұл туралы eGov Mobile қосымшасындағы және банктік қосымшаларға біріктірілген «Заң мен Тәртіп» сервисі арқылы хабарлай аласыз.