Солнечный ауылындағы өрттен алты адам көз жұмды

Солнечный ауылындағы өрттен алты адам көз жұмды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жалыннан үй шатыры құлап, өрт іргелес шаруашылықтарға тарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Таңғы сағат 06:34-те облыстық ТЖД-ның «101» қызметіне Солнечный ауылында орналасқан шаруа қожалығы аумағында өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына жедел түрде Павлодар облысы ТЖД күштері мен құралдары, ГРЭС-2 МӨҚҚ өртке қарсы құрылымдары және Солнечный ауылының өрт сөндіру бекеті жіберілді.

Өрт сөндірушілер 27 литрлік 8 газ баллонды қауіпсіз жерге шығарды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 30-ға жуық жеке құрам қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды.

Алғашқы бөлімшелер жеткен кезде тұрғын үйдің толықтай отқа оранғаны анықталды. Өрт салдарынан шатырдың бір бөлігі құлап, жалын іргелес шаруашылық құрылыстарға тарады. Жалпы өрттің аумағы 920 шаршы метрді құрады.

Өрт болған сәтте үй ішінде 7 адам болған. Олардың бірі — 1972 жылы туған ер адам жалыннан өздігінен шығып, жедел жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнынан алты адамның мәйіті табылды. Қазіргі уақытта олардың жеке басы анықталып жатыр. Тергеу органдары өрттің себебін анықтауға кірісті.