Павлодарда оқушылар арасында Мақатаев шығармаларының үздік оқырманы анықталды

Павлодарда оқушылар арасында Мақатаев шығармаларының үздік оқырманы анықталды
Фото: Білім бөлімінен

Додаға қаладағы мектептерден алпысқа жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қалалық білім бөлімінің мәлімдеуінше, «Павлодар дарыны» бос уақытты қамту және балалардың дарындылығын дамыту орталығының ұйымдастыруымен №14 мектепте «Мақатаев оқуларының» қалалық кезеңі өтті. 

- Сайыстың мақсаты - Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын білетін қазақ классикалық әдебиетін оқитын оқушыларды қолдау және насихаттау. Қаланың 34 жалпы білім беретін мектебінен 7 - 11- сыныптың 55 оқушысы қатысты, - делінген хабарламада. 

Ережеге сәйкес байқау үш бағыт бойынша өтті. Онда қатысушылар өлеңдерді жатқа біліп, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған өз туындыларын оқуы керек еді. 

Оқу қорытындысы бойынша «Айтып өткен ақында арман бар ма?» бағытында І орынды Кенжекөл мектебінің 8-сынып оқушысы Хамро Бақытжан иеленді. Бақытжан байқау шарттары бойынша М.Мақатаевтың шығармаларынан  жаттаған "Отан", "Табиғат", "Достық" туралы 38 өлеңдер жинағын ұсынды. ІІ орынды Қ.Бекқожин, Ж.Тәшенев атындағы және № 21, 30, 38, Жетекші мектебінің оқушылары иеленді. ІІІ орынды Ш.Шөкин атындағы мектеп-гимназия, № 2, 17, 29, 31, 33, 35, 39 мектеп оқушылалары өзара бөлісті. 

«Жыр эстафетасы» бағытында І орын № 31 мектептің 9-сынып оқушысы Жасмин Абельдиноваға бұйырды. Ал ІІ орынға

№33 мектептің оқушысы лайық болса, ІІІ орынды № 30 мектептің, А. Шамкенов атындағы мектеп - лицейдің оқушылары иеленді. 

Жас ақындар байқауының қорытындысы бойынша «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды...» аталымында І орынға Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқушысы Сана Жылқайдарова лайық болды. Ол өз шығармасының ақынға арналған үш арнауын оқыды. Ал ІІ орынды № 2, Қ. Бекқожин атындағы, Кенжекөл мектебі, ІІІ орынды № 7, 18, 26, 31, 35, 38, Малайсары батыр атындағы мектеп оқушылары иеленді. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Павлодар қаласының білім бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Қатысушылар «Павлодар дарыны» орталығының сертификаттарын алды.