Павлодар облысында жатақханалар саны көбейеді
Жаңа оқу жылы басталар алдында Б. Ахметов атындағы қалалық педагогикалық колледжінде жатақхана есігін ашатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Естай атындағы мәдениет сарайында өтіп жатқан бірыңғай республикалық пленарлық отырыста техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Серік Джартыбаев мәлім етті.
– 1 қыркүйектен бастап білім беру ұйымдарының барлық білім алушыларды жатақхана орындарымен қамтамасыз етуін көздейтін білім туралы Заңның нормасы күшіне енеді. Еліміз бойынша төрт жатақхана пайдалануға беріліп, жыл соңына дейін тоғыз жатақхана ашылады, – деді Серік Джартыбаев.
Бұл ретте спикер Павлодар облысының бұл бағытта жасап жатқан жұмысын атап өтті.
– Соңғы жылдары өңірде бюджеттік және демеушілік қаражатқа 200 орындық төрт жатақхана ашылды. Екібастұз қаласының политехникалық колледжінің 580 орындық үш жақахана нысаны қайта қалпына келтірілді. Жаңа оқу жылының басына дейін Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледжінде 200 орындық жатақхана қолданысқа беріледі, – деді Серік Джартыбаев.
Сондай-ақ, Павлодар медициналық жоғары колледжінде 189 орындық жатақхананы қайта құру аяқталуда.
– Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында да белсенді жұмыстар жүріп жатыр. Жатақхана студенттеріне арналған орын тапшылығын шешу үшін жеке инвесторлар мен кәсіпкерлер тартылады, – деді спикер.
Оның сөзінше, жыл соңына дейін Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында және Шымкент қаласында 638 орындық бес жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарлануда.