Президент қазақстандықтарды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады

Президент қазақстандықтарды Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады
фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың майдандағы және тылдағы ерліктері туралы еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент халқымыз Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқанын және Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанғанын атап өтті. Олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты.

–      Келер ұрпақтың жарқын әрі бейбіт келешегі үшін өз өмірлерін құрбандыққа шалды. Даңқты ұл-қыздарымыз ерліктің озық үлгісін көрсетті. Қазақтың жаужүрек ұлт екенін паш етті. 500-ден астам жауынгеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Сағадат Нұрмағамбетов, Иван Панфилов, Бауыржан Момышұлы, Нүркен Әбдіров, Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Хиуаз Доспанова және басқа да көптеген қаһармандарымыз өшпес із қалдырды. Тыл еңбеккерлері соғыс жылдары жанкештілік пен табандылық танытты. Қазақстаннан майданға бір жарым мың вагон киім-кешек пен азық-түлік жіберілді. Елімізге жүздеген кәсіпорын көшірілді, көптеген жаңа өндіріс салынды. Олар өте қысқа мерзім ішінде майданға қажет өнімдер шығара бастады. Жұртымыз жұдырықтай жұмылып, күні-түні жұмыс істеп, қару-жарақ пен оқ-дәрі дайындады, әскери киім тікті. Соғыстағы он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалды. Ұлы Жеңісті ұлықтау дегеніміз, бұл – ең алдымен, ержүрек батырларымызды жадымызда мәңгі сақтау деген сөз. Олардың ерлігі мен еңбегін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аударды. Еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді.

Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес. Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жұртымыздың ерлік дәстүрі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келетінін атап өтті. Алтын Орда, Қазақ хандығы кезіндегі баһадүр бабаларымыз кең байтақ жерімізді қорғап, кейінгі буынға аманат етті. Олардың бүгінгі ізбасарлары қазақтың мемлекеттілігін қас қақпай күзетіп тұр.

Айбынды армия – Тәуелсіздігіміздің қорғаны. Сарбаздарымыз елдің бейбіт өмірін, тұтастығы мен тыныштығын қорғауда. Қарулы Күштеріміз әлемдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосып келеді.