Железин ауылында жылу жүйесі жаңарып жатыр
Жөндеу жұмыстары тамыздың екінші онкүндігінде аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өткен жылыту маусымында Железин ауылындағы тұрғын үйлерде температуралық параметрлердің талапқа сай болмауына байланысты көптеген шағым түскен. Осыған байланысты Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасымен жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жылумен жабдықтау жүйесіне техникалық аудит жүргізілді.
Железин ауданының әкімі Айтуған Шайхимовтың айтуынша, былтырғы олқылықтардың қайталануына жол берілмейді.
– Барлық жұмысты 20 тамызға дейін аяқтап, кейін сынаққа кірісеміз. Қазандық 72 сағат бойы қажетті температураны қамтамасыз етуі тиіс. Барлық көрсеткіш бақылауда болады. Қыс жақындап қалды, сондықтан уақыт жоғалтпай, жылыту маусымына толық дайын болуымыз қажет, – деді Айтуған Шайхимов.
Аудит қорытындысы бойынша қазандық пен жылу желілерін жаңғырту қолға алынды. Жоба аясында екінші және төртінші қазандықтардағы негізгі жабдықтар мен сорғылар ауыстырылып, жылу трассасы жаңартылып, өзге де жөндеу шаралары атқарылуда.
Жаңғыртудан кейін жүйенің тиімділігі артып, қалыпты аязда екі қазандықтың қуаты жеткілікті болады. Бұл көмірдің біркелкі жануына, қазандық қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетуге әрі жабдықтың пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Ал қатты аяз кезінде үшінші қазандық іске қосылады.
Дайындық пен алдағы сынақ барысы аудан және облыс басшылығының тұрақты бақылауында болады.