Павлодарлық энергетиктер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына пікір берді

Облыстық кәсіподақ ұйымдары да ҚР Президенттің үндеуін мұқият тыңдап, өз көзқарастарын білдіруде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы еліміздің барлық аймағында талқыланып жатыр.
«Павлодарэнерго» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Балтабек Төлеубаев энергетика саласына қатысты айтылған басымдықтарға тоқталды.
– Жолдауда энергетика секторын жаңғырту қажеттілігі нақты көрсетілді. Бұл – бүкіл сала үшін аса маңызды әрі дер кезінде айтылған үндеу. Қазіргі таңда энергетика инфрақұрылымның тозуы, жаңа қуат көздерінің жетіспеушілігі, білікті кадрларды даярлау қажеттілігі сияқты жүйелі мәселелерге тап болып отыр. Бұл түйткілдерді шешу тек энергиямен тұрақты жабдықтауға ғана емес, сонымен бірге еңбек сапасына және қызметкерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейіне тікелей әсер етеді, – деді ол.
Кәсіподақ төрағасының пікірінше, жаңа нысандарды салуға қолжетімді қаржыландыру тетіктерін енгізу және тарифтік саясатты ұзақ мерзімді жоспарлау – аса маңызды қадам. Мұндай алғышарттарсыз инвестиция тарту, өндірісті дамыту және ең бастысы – энергетика саласы қызметкерлеріне қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Балтабек Төлеубаев энергетика секторын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны құру бастамасын қолдайтынын жеткізді. Кәсіподақ үшін бұл міндеттерді жүзеге асыру барысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сақтау, персоналдың уақтылы біліктілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбекақыны лайықты деңгейде қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар ол коммуналдық ресурстарды ұтымды тұтыну мәдениетін қалыптастыру бағытын да қолдады. Оның айтуынша, бұл қадам саланың тиімділігін арттырып қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.