Жұмысқа орналастыруды уәде еткен: Павлодар облысының тұрғыны азаматтарды алдаған

Жұмысқа орналастыруды уәде еткен: Павлодар облысының тұрғыны азаматтарды алдаған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Күдікті ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полицияға бірнеше жергілікті тұрғын алаяқтық дерегі бойынша арызбен жүгінді. Азаматтардың айтуынша, белгісіз бір адам оларды беделді компаниялардың біріне вахталық әдіспен жұмысқа орналастыруды уәде етіп, ақша қаражатын иемденген. Жәбірленушілер күдіктіге 150 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақша берген. 

– Уәде етілген жұмыс та, берген ақшамыз да қайтарылмады. Сол себепті полициядан көмек сұрауға мәжбүр болдық. Мұндай жағдайға қалай тап болғанымызды өзіміз де аңғармай қалдық, – дейді жәбірленушілер.

Полиция қызметкерлері аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен 29 жастағы облыс тұрғынын анықтап, ұстады. Тергеу барысында күдіктінің үш алаяқтық дерегіне қатысы бары белгілі болды. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Айта кету керек, 2025 жылы өңір аумағында 2434 алаяқтық дерегі тіркелсе, оның 248-і байланыс арқылы жасалған.

Қазіргі таңда алаяқтықтың түрлері сан алуан. Онымен айналысатындар оңай жолмен пайда табуды көздейді. Ең басты қағида – бағасы немесе шарттары тым тартымды болып көрінетін ұсыныстарға сенбеу.