Джей Лоның әйгілі хиті Баянауыл төрінде домбырамен үндесті

Джей Лоның әйгілі хиті Баянауыл төрінде домбырамен үндесті
Фото: видеодан скриншот

«ADAI» триосы әлемге әйгілі On The Floor әнін қазақтың ұлттық аспабы – домбырамен орындап, жаңа бейнебаянын Торайғыр көлінің жағасындағы түсірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Даланың таңғы тыныштығы, айдын көлдің мөлдір беті мен домбыраның әуезді үні – «ADAI» триосының жаңа каверіне дәл осындай ерекше атмосфера арқау болды. Музыканттар 15 жыл бұрын әлемдік хит-парадтар мен би алаңдарын бағындырған Jennifer Lopez пен Pitbull-дың On The Floor әнін өзіндік мәнерде орындады.

Торайғыр көлі түсірілімнің жай ғана көрінісі емес, музыкалық туындының ажырамас бөлігіне айналды. Қандыағаш орманы мен көл жағасында музыканттар әлемдік хиттің ұлттық аспап арқылы мүлде жаңа қырынан естілуі мүмкін екенін көрсетті.

«ADAI» триосы – Павлодардан шыққан жас музыкалық ұжым. Олар қазақтың қасиетті домбырасын қазіргі заманғы композициялармен үйлестіріп, ерекше орындау мәнерімен танымал болды. Ұжым құрамында домбырашылар Ахат Ахмеди мен Дастан Сайлаубаев, сондай-ақ барабаншы Балтабек Қаппасов өнер көрсетеді.

Музыканттар шетелдік және отандық танымал әндерді домбырамен орындап, көпшілікке кеңінен танылды. Олардың репертуарында Queen, «Кино», Эминем, BLACKPINK, «Иванушки International» және басқа да орындаушылардың шығармалары бар. Әр композиция дәстүрлі қазақ аспабының арқасында жаңа үнге ие болады.

Әлеуметтік желілердегі жарияланымдар трионың танымал болуына үлкен серпін берді. Олардың бейнероликтері жүздеген мың қаралым жинап, ерекше орындау тәсілі жастардың домбыраға деген қызығушылығын арттырды. Әсіресе, «Кино» тобының «Группа крови» әнін орындаған бейнежазбасы көпшілікке кеңінен тарап, павлодарлық музыканттарды өңірден тыс жерлерде де танытты.

Енді олардың музыкалық қоржыны тағы бір әлемдік хитпен толықты. Jennifer Lopez пен Pitbull-дың On The Floor композициясы америкалық әншінің жетінші Love? альбомына енген және 2010 жылдардың ең танымал әндерінің бірі саналады. Бұл шығармада би музыкасының элементтері мен Kaoma тобының әйгілі Lambada әнінің әуені үйлесім тапқан.

Домбырашылардың айтуынша, Баянауыл ұлттық паркінің табиғаты оларды бұрыннан ерекше сұлулығымен және қуатымен баурап келеді. Бұған дейін «ADAI» өз каверлерін Павлодарда, Ресейде, Таиландта, Грузияда және Түркияда түсірген. Екі апта бұрын музыканттар Стамбул көшелерінде домбыраның үнімен туристерді таңғалдырса, Баянауылда оларды жанкүйерлері танып, табиғат аясында тоқтап, өнерлерін тамашалады.

Музыканттардың айтуынша, Баянауылда бейнебаян түсіру идеясы осы өңірдің тумасы Ерқанат Тілеубектің көмегімен жүзеге асқан. Ол түсірілімнің операторы әрі видеографы.

– Баянауылға осы идеяны жүзеге асыру үшін келдік. Қазір уақыт тығыз, сондықтан бәрін жедел түсіріп жатырмыз, алда монтаж жұмыстары тұр. Jennifer Lopez пен Pitbull-дың бұл әні біз үшін еркіндік, би, көтеріңкі көңіл күй және сәттен ләззат алу туралы. Біз оған қазақ музыкасының ұлттық нақышын қосуды қаладық. Бұл – біздің ерекшелігіміз әрі шығармашылық қолтаңбамыз, – деді трио мүшелері.

Музыканттар кавер орындауды дайын әнді қайталау деп есептемейді. Әр шығарма шығармашылық ізденістен өтеді: олар әнді бірге таңдап, аранжировкасын ойластырып, түпнұсқаның ерекшелігін сақтайды. Осылайша, өз қолтаңбаларын енгізуге тырысады.

– Біз – тәжірибелі домбырашылармыз, музыкамен көп жылдан бері айналысып келеміз. Бастапқыда домбыраны барабандармен және заманауи сүйемелдеумен біріктіріп, кавер орындау біздің бағытымыз болған жоқ. Бірақ уақыт өте келе өз жолымызды таптық, – дейді музыканттар.

Трио мүшелерінің айтуынша, алдағы жоспарлары көп. Кейбір жобаларын әзірге құпия ұстаса да, тың дүниелер әзірлеп жатқанын жасырмайды.

– Сапалы музыкалық контент жасағымыз келеді. Әлемнің түрлі қалалары мен елдерінде түсірілім жүргізуді, сондай-ақ өз авторлық шығармаларымызды жазуды жоспарлап отырмыз, – деді топ мүшелері.

Екі жыл бұрын «ADAI» Павлодардағы Естай атындағы мәдениет сарайында авторлық концерт өткізген. Алдағы уақытта музыканттар Астана мен Омбы қалаларында өнер көрсетуді жоспарлап отыр.