Павлодар облысында алкоголь өнімін лицензиясыз сатқан дүкен иелері жазаланды
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары белгіленген уақытта алкогольді сатудың үш фактісін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алкоголь өнімін тиісті лицензиясыз өткізудің төрт фактісіне қатысты дүкен иелері жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полицейлер қоғамдық орында мас күйінде пайда болу бойынша ішімдік ішудің 409 фактісін тіркеді.
– Екібастұз қаласында дүкендердің бірінде сатушы белгіленген уақытта бір бөтелке алкоголь өнімін сатқан. Бұл факті бойынша иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Алкоголь өнімдерін сатуға лицензия тоқтатылды, – деді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Ал Шарбақты ауданы ауылдарының бірінде учаскелік комиссияның рұқсат құжаттарынсыз алкоголь сату фактісі анықталды. Иесінің алкоголь өнімдерін сақтау және бөлшек саудада сату қызметіне тиісті лицензиясы жоқ болды. Әртүрлі маркалы 60 банка сыра тәркіленді. Кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, сондай-ақ тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз іс-әрекеттерді жүзеге асырғаны үшін жеке кәсіпкерге қатысты әкімшілік материал толтырылып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.