Павлодарлықтар жазда Бурабайға тікелей пойызбен қатынай алады

Павлодарлықтар жазда Бурабайға тікелей пойызбен қатынай алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Курорттық аймаққа баратын билеттер пойыз жөнелгенге дейін 45 тәулік бұрын сатылымға шығарылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, жаз мезгілінде Бурабай курорты станциясында түрлі санаттағы 10 жолаушылар пойызы аялдайды. Олар курорттық аймақты Қазақстанның ірі қалалары мен өңірлерімен байланыстырады.

Бурабай бағыты бойынша қатынайтын пойыздардың қатарында №139/140 «Павлодар – Пресногорьковская» бағыты да бар. Пойыз күнара қатынайды.

– Жазғы демалыс маусымында ұлттық тасымалдаушы Бурабай курорты бағыты бойынша 144 мыңнан астам жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр. Бурабай курорты станциясында түрлі санаттағы 10 жолаушылар пойызы аялдайды, – деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Бурабайға «Нұрлы жол – Атырау», «Қарағанды – Мәскеу», «Алматы – Петропавл», «Алматы – Қазан», «Нұрлы жол – Омбы» және басқа да бағыттар бойынша пойыздар қатынайды.

Жолаушылар пойыздарына билеттер сатылымы жөнелту күніне дейін 45 тәулік бұрын ашылады және пойыз аттанардан 10 минут бұрын тоқтатылады. Қала маңындағы пойыздарға билеттер 10 тәулік бұрын сатыла бастайды.

Билеттерді bilet.railways.kz сайтынан, теміржол кассаларынан және мобильді сервистер арқылы сатып алуға болады. Қосымша ақпарат 1433 тегін нөмірі мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми әлеуметтік желідегі парақшасында қолжетімді.