Павлодарлық ТикТокер ұстаз iPhone 15 Pro Max жеңіп алды
TikTok платформасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізілген кезекті #Қазақстанмұғалімдері байқауының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «TikTok-пен бірге жүзеге асырылған жобаның арқасында еліміздегі педагогтер жастармен, түрлі буындағы интернет қолданушыларымен бірге өз білімдерін шығармашылық тұрғыда әрі қызықты үлгіде бөлісу мүмкіндігін алған.
– Ұстаздардың да шет қалмай, интернет платформаларын игілікке пайдаланып, ғылым мен мектеп пәндерін кеңінен насихаттауы қуантады. #Қазақстанмұғалімдері бастамасының мақсаты – педагогтерді оқытудың жаңа шығармашылық әдістерін ашуға шабыттандыру, сабақ оқыту қызықты әрі тартымды екенін көрсету және еліміздегі білім беру мазмұнына қызығушылықты арттыру, – деді министрліктің баспасөз хатшысы Мереке Амангелдіқызы.
Байқауға еліміздің әр өңірінен мұғалімдер қатысып, гуманитарлық, жаратылыстану және техникалық пәндер бойынша қысқа форматтағы бейнероликтерін жариялады. Қатысушылар жобаның ресми хэштегтерін #Қазақстанмұғалімдері мен #УчителяКазахстана пайдаланды, нәтижесінде қаралым саны 800 миллионнан асып түсті.
Павлодарлық ұстаз Игорь Гноев «Үздік бейнеролик» номинациясында TikTok-та ең көп қаралған танымдық бейнероликтің авторы ретінде жеңімпаз атанды. Ол @andreichadela 5 миллионнан астам қаралым жинаған логикалық жұмбақ туралы бейнеролик түсірген.
Байқаудың барлық жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар – iPhone 15 Pro Max смартфондары беріледі. Бұл оларға миллиондаған TikTok қолданушылары үшін бұдан да сапалы бейнероликтер түсіруге мүмкіндік береді.