Қасым-Жомарт Тоқаев Черногория Президентін қарсы алды
Кездесу Тәуелсіздік сарайында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң екі елдің әнұрандары шырқалды.
Әуелі екі ел президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
–Черногория мемлекеті басшысының алғашқы тарихи сапарына ерекше мән беріп отырмыз. Сондай-ақ мұны еліміз үшін өте маңызды уақиға ретінде қарастырамыз. Келіссөздеріміздің нәтижесі екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретініне сенімім кәміл. Черногорияны халқымыз жақсы біледі. Көптеген азаматымыз жыл сайын Сіздің елде демалып, жақсы әсермен оралады. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліңіздің тәуелсіздік алғанына 20 жыл толуымен құттықтаймын. Осы жылдарда біз жақсы қарым-қатынас орнаттық. Өзара ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыта түсу керек деп ойлаймын. Оған ешқандай кедергі жоқ. Сіздің іскерлік делегацияңыздың құрамы өте салмақты. Бұл экономикалық және іскерлік байланыстардың ауқымын арттыра түсуге ниетті екеніңізді көрсетеді, -Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Яков Милатович Мемлекет басшысына Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс білдіріп, бұл сапар екі елдің байланысының жоғары деңгейге көтерілгенін көрсететінін атап өтті.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.