Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамын құрметтеудің маңызын атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамын құрметтеудің маңызын атап өтті
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтап, жастардың кәсіби дамуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек күніне арналған құттықтауында түрлі мамандық иелерінің елдің өсіп-өркендеуіне қосып жүрген үлесіне тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі заманда өз ісін жетік меңгерген кәсіби маман болу аса маңызды. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінің негізінде білікті, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор және тәртіпті азаматтардың еңбегі жатыр.

– Әлем халықтарына ортақ «Еңбек бәрін жеңбек» нақыл сөзінің мәні зор, мағынасы терең. Табанды еңбек – жетістікке жетудің көзі. Адал ниетпен атқарылған әрбір іс қадірлі, кез келген еңбек зор құрметке лайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын атап өтті. Оның сөзінше, Конституцияда көрініс тапқан Әділетті Қазақстан, заңға бағыну, бірлік пен ынтымақ, еңбекқорлық пен ілгерілеу, табиғатқа қамқорлық идеялары елдің тұрақты дамуына жол ашады.

Мемлекет басшысы қоғамда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты жаңа этика қалыптасқанын айтты. Былтырғы Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттырып, тәлімгерлік дәстүрі мен еңбек әулеттерінің маңызын нығайтуға серпін берген.

– Мемлекет алдағы уақытта да азаматтарымыздың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасай береді. Жастарға кәсіби білім беру, олардың еңбек дағдыларын ұштау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойына аға буынның бай өмірлік тәжірибесі мен тағылымын сіңіру – аса маңызды міндет. Жастары жасампаз елдің болашағы да жарқын, дамуы да қарқынды болары айқын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға мықты денсаулық, амандық пен толағай табыс тілеп, елдің өсіп-өркендеуіне тілектестігін білдірді.