Кинолог пен Ж-Альдо: Павлодарда ұрланған арба қалай табылды?
Павлодарлық тәртіп сақшыларына қылмыстың ізін суытпай ашуға көп жағдайда иісшіл иттер көмекке келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында 16 қызметтік ит бар. Кинологтар мен олардың төрт аяқты көмекшілері жедел-тергеу топтарының құрамында тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қызметтік иттердің күнделікті тәртібі де арнайы жоспарланған. Әр таң ветеринарлық тексеруден басталып, одан кейін иттер өздерінің қызмет бағыты бойынша дайындықтан өтеді.
Кинологиялық орталықта неміс овчаркалары, лабрадорлар, спаниельдер және бельгиялық овчаркалар бар. Олар есірткі заттарын, қару-жарақты, жарылғыш заттарды іздеу, сондай-ақ қылмыс орнында қалған иіс ізін анықтау бағыттары бойынша жаттығады.
– Жыл басынан бері төрт аяқты көмекшілердің қатысуымен 214 қылмыс ашылды. Оның 78-і есірткі қылмыстарына қатысты. Орталықтың қызметтік иттері жедел-тергеу топтарының құрамында тәулік бойы кезекшілік атқарады, – деді Павлодар облысы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиев.
Қызметтік иттердің қылмыс ашудағы зор мүмкіндігі Кенжекөл ауылында болған ұрлықты ашу барысында да жоғары бағаланды.
Полицияға үстіне бидон орнатылған арбаның ұрланғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген қызметкерлер күдіктіні көп ұзамай анықтаған. Алайда ер адам ұрлыққа қатысы барын мойындамаған.
Оның қылмыс жасағаннан кейін қай бағытта кеткенін анықтау үшін қызметтік ит Ж-Альдо іске қосылды. Полиция қызметкерлері итке күдіктінің аяқ киімін иісті сәйкестендіру үшін ұсынған.
Қызметтік ит оқиға орнынан иіс ізін алып, кинологты жеке үйлердің біріне бастап барған. Үйдің ауласынан ұрланған арба мен оның үстіндегі бидон табылды.
Үй иесінің айтуынша, арбаны оған күдікті әкеліп, бір бөтелке араққа айырбастап кеткен.
Осылайша, кинолог пен қызметтік иттің жұмысының арқасында ұрланған мүлік табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Полиция мамандарының айтуынша, қызметтік иттердің өткір иіс сезуі мен арнайы дайындығы қылмыс іздерін анықтауда маңызды рөл атқарады. Олар күрделі әрі шатасқан істерді тергеу кезінде полиция қызметкерлеріне сенімді көмек көрсетіп келеді.