Аңнан олжа салмақ болған ақсулық қос азаматтың жолы болмады
Олар аң аулау қағидасын бұзған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласында «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аң аулау қағидаларын бұзған екі азамат анықталды. Рейд кезінде полиция қызметкерлері «Спутник» станциясы маңындағы жергілікті маңызы бар автожолдың жанынан екі ер адамды байқаған. Тексеру барысында олардың автомобиль жолынан 200 метрге жетпейтін қашықтықта аң ауламақ болғаны белгілі болды.
Полиция мәліметінше, мұндай әрекет аң аулау қағидаларын бұзу болып саналады.
– Аталған дерек бойынша екі азамат та қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбеков.
Жалпы «Браконьер» ЖПІШ аясында Ақсу қаласында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 9 дерегі анықталған.
Тәртіп сақшылары аңшыларға белгіленген аң аулау қағидалары мен қауіпсіздік талаптарын сақтауды ескертеді.
Еске сала кетейік, жуырда Аққулы ауданы аумағындағы Ертіс өзенінің жағасында жергілікті тұрғын балықты сүңгімен аулаған. Тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын анықтап, оған балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырды.