Павлодар облысында орманнан отын жинаған тұрғын сотталды
Ер адам рұқсатсыз ағаш кескені үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шарбақты аудандық сотының мәліметінше, 1958 жылы туған ер адам бөтеннің мүлкін ұсақ-түйек жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Сот анықтағандай, биыл қыркүйекте сағат 04:00 шамасында тұрғын «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Шалдай филиалына қарасты Борабай орманшылығында жел құлатқан тоғыз қураған ағашты тапқан. Әр ағаштың ұзындығы шамамен 15 метр болған.
– Ер адам ағаш дайындауға және тасымалдауға рұқсаты болмаса да, оларды отынға аралап кескен. Кейін дайындалған отынды өз көлігіне тиеп, орманнан үйіне екі рет қатынап жеткізген. Істі қараған сот тұрғынды ҚР Қылмыстық кодексінің 187-бабының бірінші бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 43 250 теңге айыппұл салынды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар сотталған адамнан жәбірленушілерге өтемақы қорына 21 625 теңге мәжбүрлі төлем өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.