Павлодарда ыстық суға шағымданған тұрғындардың үйіне жаңа жабдық орнатылуы мүмкін
Қала әкімі Қайырбаев көшесіндегі тұрғындармен кездесіп, коммуналдық мәселелерді шешуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Қайырбаев көшесі, 72 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Олар ыстық судың тұрақсыз берілуіне, автотұрақ тапшылығына, түнгі шуға және ауладағы апатты ағаштарға шағымданды.
Тұрғындардың айтуынша, ыстық су кейде түнгі сағат бірге қарай ғана келеді. Үйдің инженерлік жүйелеріне қызмет көрсететін ұйым өкілдері жылу желісіндегі қысым мен температура көрсеткіштерін ұсынды.
Хасар Хабылбеков бұл көрсеткіштер бес қабатты үй үшін жеткілікті екенін айтып, мәселе ғимараттың ішкі инженерлік желілерінде немесе су жылытатын жабдықта болуы мүмкін екенін түсіндірді.
– Қалада жылу алмастырғыштар мен бойлерлер шығаратын кәсіпорын ашылды. Олар жаңа жабдықты орнату арқылы 30 пайызға дейін үнемдеуге болатынын айтып отыр. Біз бір үйге жабдықты өзіндік құнымен орнатып, оның жұмысын жылыту маусымы бойы бақылау туралы келістік, – деді қала әкімі.
Осыған байланысты тұрғын үй инспекциясының басшысына қызмет көрсетуші ұйыммен бірлесіп, аталған үйді пилоттық жобаға қатыстыру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
Кездесуде тұрғындар түнгі уақытта ойын клубынан шығатын шу мәселесін де көтерді. Олардың айтуынша, мекеме сағат 23:00-ден кейін тыныштықты бұзады. Әкім полицияға кәсіпкердің жұмыс тәртібін тексеріп, жағдайды бақылауға алуды тапсырды.
Автотұрақ мәселесі де назардан тыс қалмады. Қала басшысы биылғы абаттандыру жұмыстары аяқталғанын, ал тұрғын үйдің ауласында көлік қоятын орындарды келесі жылы ұйымдастыру жоспарланғанын айтты.
Сонымен қатар бір апта ішінде ауладағы қураған және қауіпті ағаш бұтақтарын кесу тапсырылды.
Тұрғындар пәтер иелері кооперативінің міндеттері туралы да сұрады. Хасар Хабылбеков олардың қызмет көрсетуші ұйымнан атқарылған жұмыстар мен жұмсалған қаражат жөнінде есеп талап етуге құқылы екенін түсіндірді.
Егер кооператив есеп бермесе, тұрғындар тұрғын үй инспекциясына жүгіне алады. Қала әкімі жауапты мамандарға мұндай өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.