Әлемдік рекорд орнатқан павлодарлық әжелер марапатталды
Олар Астана мен Талдықорған қалаларында алып ұршық пен бесік жасауға қатысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2 қазанда Астана қаласында қазақтың қолөнері мен ұлттық дәстүрін дәріптейтін «Алтын алып ұршық» атты ерекше инсталляция жасалған. Биіктігі 7 метр, ені шамамен 5 метр болатын алып туынды «Global Best of Records» халықаралық ұйымы тарапынан әлемдік рекорд ретінде ресми тіркелді. Оны жасауға Павлодар облысынан 34 әже қатысып, жалпы 200-ден астам ақ жаулықты ұршық иірді.

– Ұршық – қазақ әйелдерінің ғасырлар бойы қолынан түспеген еңбек құралы. Оның көмегімен жіп иіріліп, киіз басылып, алаша тоқылған. Осылайша, ұлттық қолөнер дамыды. Ал бүгін сол қарапайым ұршық алып өнер туындысына айналып, қазақтың ұлттық мұрасын әлемге танытып отыр, – деді «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Павлодар облыстық филиалының төрағасы Айжан Апсаттарова.
Ал Жетісу жерінде кезекті ауқымды жоба жүзеге асты. Биіктігі – 4,5 метр, ұзындығы 6 метр болатын алып бесік жасалып, халықаралық ұйым тарапынан әлемдік рекорд ретінде тіркелді. Сонымен қатар бір алаңға 100-ден астам бесік әкелінген.

– Ойланып қараңыздаршы, бір алаңға жиналған жүзден астам бесік – жүздеген отбасының тарихы, мыңдаған ананың мейірімі, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ұлттық тәрбиенің символы емес пе?! Бұл – жай ғана рекорд емес, аналардың бірлігі, ұлттық дәстүрге деген адалдық, қазақ бесігінің әлемге танылуы. Осы игі істі қолға алып, ұлттық мұрамызды әлемдік деңгейге көтерген барша анаға алғысымызды білдіреміз, – деді төраға.
Марапаттау рәсімінде барлығы 80 сертификат табысталды. Ал рекорд орнатуға бірнеше рет қатысып, ерекше үлес қосқан аналарға ордендер берілді. Олардың қатарында екі алтын және үш күміс бар.

Айта кетейік, 2027 жылы Азия мен Африкаға арналған «GBR Global Best of Records» әлемдік рекордтар кітабының тұсаукесерін Түркияның Стамбул қаласында өткізу жоспарланған. Оған павлодарлық әжелер де қатысады деп күтілуде.