Павлодарда дәрігерлер күрделі операциямен аяқ-қолды ампутациядан сақтап қалуда
Павлодарда дәрігерлер күрделі операциямен аяқ-қолды ампутациядан сақтап қалуда
Өңірде заманауи ангиографиялық қондырғының көмегімен күрделі тамыр операциялары жиі жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№1 қалалық ауруханада диабеттік тамыр хирургиясы орталығы мен диабеттік табан орталығы жұмысын бастады. Заманауи ангиографиялық қондырғының көмегімен дәрігерлер аяқ-қолдың қан айналымын қалпына келтіріп, ауыр асқынулардың алдын алуға және науқастардың аяқ-қолын ампутациядан сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр.
Қант диабеті тек қандағы қант деңгейінің жоғарылауымен шектелмейді. Аурудың асқынуы қан тамырларының зақымдануына, олардың тарылуына немесе толық бітелуіне әкелуі мүмкін. Соның салдарынан аяқ-қолға қан жеткіліксіз барып, трофикалық жаралар пайда болады, тіндер жансызданып, кей жағдайда аяқ-қолды ампутациялау қаупі туындайды.
Осындай күрделі жағдайларды емдеуде №1 қалалық ауруханада орнатылған заманауи ангиографиялық қондырғының маңызы зор. Оның көмегімен дәрігерлер қан тамырларының ішінен операция жасап, тарылған артерияларды арнайы баллондар арқылы кеңейтеді. Қажет болған жағдайда тамырдың ішіне стент орнатып, қан айналымын қалпына келтіреді.
– Ангиографиялық қондырғының басты артықшылығы – қан тамырларына үлкен тілік жасамай, шағын тесу арқылы операция жүргізуге мүмкіндік беруі. Әсіресе, балтырдың ұсақ артерияларына дейін емдік шаралар жасауға болады. Мұндай тамырларға ашық хирургиялық әдіспен операция жасау өте күрделі. Біздің басты мақсатымыз – қан айналымын қалпына келтіріп, ең алдымен науқастың аяқ-қолын сақтап қалу, – дейді жоғары санатты рентгенэндоваскулярлық және тамыр хирургі Нұржан Асылханов.
Мамандардың айтуынша, кейбір науқастарға гибридті операциялар да жасалады. Бұл – ашық хирургиялық араласу мен эндоваскулярлық әдісті қатар қолдану. Мәселен, қан тамырларының бірнеше бөлігі бірдей зақымданған жағдайда алдымен шунттау операциясы жасалып, кейін ангиографтың көмегімен ұсақ артериялардың өткізгіштігі қалпына келтіріледі. Мұндай күрделі операциялардың бірі шамамен 7-8 сағатқа созылуы мүмкін.
Орталық іске қосылғаннан бері қысқа уақыт ішінде ангиографиялық қондырғының көмегімен 30-дан астам операция жасалған. Ал жалпы жұмыс қорытындысы бойынша 40-тан астам операция орындалған. Алдағы уақытта медициналық көмектің осы түрін одан әрі дамыту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, эндоваскулярлық және ашық тамыр операцияларының құны күрделілігіне қарай 700 мыңнан 4,5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Алайда тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда пациенттер мұндай жоғары технологиялық медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін ала алады.
Дәрігерлер операциядан кейін де денсаулықты бақылаудың маңызын ескертеді. Әсіресе, қант диабетімен ауыратын азаматтар қандағы қант пен холестерин деңгейін тұрақты қадағалап, дәрігер тағайындаған емді үзбей қабылдауы қажет. Себебі операция қан айналымын қалпына келтіргенімен, негізгі аурудың асқыну қаупі сақталады.
Атап өтерлігі, гибридті ота жасау блогының тағы бір артықшылығы – күрделі нейрохирургиялық операцияларды бір жерде, заманауи технологияларды пайдалана отырып жүргізу мүмкіндігі. Бұл дәрігерлерге науқастың жағдайына қарай емдеу әдісін таңдауға, қажет болған жағдайда ашық және эндоваскулярлық тәсілдерді біріктіруге мүмкіндік береді.
Мұндай технологиялар әсіресе ми қан тамырларының аневризмасы, тамырлардың тарылуы және басқа да күрделі патологиялары бар пациенттерді емдеуде маңызды. Ең бастысы, облыс тұрғындары жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмекті өз өңірінде алу мүмкіндігіне ие болып отыр.