Қазақстанда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды

Қазақстанда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды
Фото: gov.kz

Лауреаттар диплом, төсбелгі және қаржылай сыйақымен марапатталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстанда ғылым, шығармашылық, спорт және қоғамдық қызмет салаларында жетістікке жеткен жастарды қолдауға бағытталған «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына құжат қабылдау басталды.

Бұл сыйлық 35 жасқа дейінгі азаматтарға «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада» және «Халық шығармашылығы» аталымдары бойынша табысталады.

Байқауға республикалық және халықаралық байқаулардың, фестивальдер мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, сонымен қатар саласына елеулі үлес қосқан белсенді азаматтар қатыса алады. Әр номинация бойынша ең көп дегенде 2 лауреат таңдалады, ал егер жеңімпаздар екеу болса, сыйақы олардың арасында тең бөлінеді. Бір адам бір номинация бойынша сыйлықты қайтадан ала алмайды.

Кандидаттар уәкілетті органның жанынан құрылған комиссияның шешімімен таңдалады. Бұл комиссияға министрлік өкілдері, ғалымдар, мәдениет және қоғам қайраткерлері кіреді. Комиссия отырыстары аудио және бейнетіркеу арқылы жазылып, ашық және жария түрде өтеді.

Қатысу үшін қажетті құжаттар 2025 жылғы 27 тамызға дейін қабылданады. Қағаз түріндегі өтінімдер Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8-үй, «Министрліктер үйі» ғимаратының 14-кіреберісінде орналасқан Мәдениет және ақпарат министрлігінде қабылданады. Электрондық нұсқасын premiya.daryn@mki.gov.kz поштасына жіберуге болады. Кандидатураларды мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер және заңды тұлғалар ұсына алады.

– Үміткерлерден жеке куәлік көшірмесі, арнайы нысандағы өтінім, жетістіктері туралы анықтама, марапаттар мен жарияланымдар көшірмелері, банк шоты туралы анықтама және өзге де растайтын материалдар талап етіледі. Жеңімпаздарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы беріледі. Олар дипломмен, төсбелгімен және қаржылай сыйақымен марапатталады. Ақшалай сыйақы уәкілетті органның бұйрығымен белгіленеді және марапаттау туралы бұйрық шыққаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде лауреаттардың банк шотына аударылады, – делінген ресми құжатта.

Айта кетейік, «Дарын» сыйлығы 1992 жылдан бері табысталып келеді. Осы уақытқа дейін бұл мәртебелі марапатты түрлі салада жетістікке жеткен 360-тан астам жас иеленді.

Қосымша ақпаратты 8 (7172) 74-05-25, 8 (7172) 74-18-43 және 8 701 170 46 54 нөмірлері арқылы (жұмыс күндері, сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін) алуға болады.

Сыйлық туралы толық ақпарат пен байқау ережесі сілтеме арқылы қолжетімді.