Қазақстанда теміржол тасымалы үдерісі автоматтандырылады

Проблемалық мәселелер Цифрлық штабта пысықталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Astana Hub-та тасымал және инфрақұрылым саласындағы стартаптар дамып келеді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында хабарлады.
Министрдің айтуынша, бұл стартаптар арқылы жүктерді бақылау сервистері; келісім-шарт жұмыстарын басқару жүйелері; тасымалдарды автоматтандыру және вагон паркін басқару платформалары жасап шығарылуда.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша олардың табысы 4,5 млрд теңгеден асты. 400-ден астам жұмыс орны құрылды», – деді Жаслан Мәдиев.
Спикер, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан негізгі шешімдердің бірі – тасымалдарды автоматтандыру платформасы екенін айтты. Ол вагондарды басқарады, жүктемені жоспарлау мен болжауды автоматтандырады. Платформа бос жүрісті 10%-ға азайтып, вагон айналымын 15%-ға арттырады. Жүйе ірі тасымал компанияларында енгізілген.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов темір жол саласын цифрландыру бойынша жұмыстарды жеделдетуді тапсырып, барлық проблемалық мәселелер Цифрлық штаб шеңберінде пысықталуға тиіс екенін атап өтті.