Қазақстанда ҰБТ-ға жасанды интеллект енгізу жоспарланып отыр
Жаңа емтихан форматы талапкерлердің білімін, ойлау қабілеті мен цифрлық сауаттылығын бағалауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілі Гүл Жүсіпова «1С Қазақстан» компаниясының XVI ғылыми-практикалық конференциясында Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңғырту жоспары туралы айтты. Оның сөзінше, алдағы уақытта ҰБТ жүйесіне жасанды интеллект пен бейімделмелі тестілеу технологияларын енгізу көзделіп отыр.
Қазір Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп Admission Insight Test (AIT) деп аталатын жаңа қабылдау емтиханын әзірлеуде. Ол талапкерлердің пәндік білімінен бөлек, сыни ойлауын, зерттеу дағдыларын және цифрлық сауаттылығын бағалауға бағытталған. Жаңа форматты сынақтан өткізу 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
– Жасанды интеллект білім беру процесін ғана емес, оқу нәтижелеріне қойылатын талаптарды да өзгертіп жатыр. Бүгінде адамның қаншалықты ақпарат меңгергенін ғана емес, оның талдау жасау, алған білімін тәжірибеде қолдану және заманауи технологиялармен жұмыс істеу қабілетін бағалау маңызды, – деді Гүл Жүсіпова.
Министрлік өкілінің айтуынша, ұлттық емтиханды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру де негізгі міндеттердің бірі. Алайда ҰБТ кезінде жасанды интеллектіні қолданудың нақты тетіктері әзірге жарияланған жоқ.

Конференцияда жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына бейімдеу мәселесі де көтерілді. «1С Қазақстан» компаниясының директоры Дмитрий Годун студенттердің заманауи цифрлық құралдарды оқу кезінде меңгеруі қажет екенін айтты.
– Бүгінде технологиялар дәстүрлі білім беру бағдарламаларына қарағанда әлдеқайда жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан студенттердің оқу кезінде-ақ заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеп, бизнестің нақты міндеттерін шешуге мүмкіндік алуы маңызды, – деді Дмитрий Годун.
Қазір елімізде 1С компаниясының 12 мамандандырылған оқу сыныбы жұмыс істейді. Тағы бес білім беру ұйымында оқытушылар даярланып жатыр. Сондай-ақ компанияның қолдауымен үш ұлттық университеттің әрқайсысына 15 компьютерден берілген.
XVI ғылыми-практикалық конференцияға Қазақстанның 20 қаласынан 26 университет пен 21 колледждің өкілдері қатысты. Олар білім беру жүйесін цифрландыру және еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселелерін талқылады.