Павлодар облысында 110 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады

Павлодар облысында 110 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылады
Фото: Константин Шелков

Бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Биыл 1-10-сыныптар бойынша жалпы бала саны 111 309-ды құраса, олардың 99,1 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарланған.

Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгерім Әбенованың айтуынша, өңірде мектеп жанындағы және салалық лагерьлер саны артқанын айтты.

– Биыл мектеп жанындағы лагерьлер саны 334-тен 356-ға дейін көбейді. Ал профильдік лагерьлер саны 357-ден 576-ға жетті. Сонымен қатар, еңбек жасақтарына тартылатын оқушылар саны 12 мыңға дейін артады, – деді басқарма басшысы.

Жазғы кезеңде өңірде  қала сыртындағы 11лагерь жұмыс істейді. Оның екеуі жыл бойы, тоғызы маусымдық форматта балаларды қабылдайды. Лагерьлер Ақсу және Баянауыл өңірлерінде орналасқан. Жалпы онда 5338 бала сауықтырылады.

Қазіргі уақытта барлық лагерьлер зертханалық тексеруден өтіп, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың айтуынша, барлық қорытынды 20 мамырға дейін дайын болады.

Биыл 356 мектеп жанындағы лагерьде 38 325 бала демалады. Оқушыларды сауықтыруға 131,5 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар 1-4- сынып оқушыларына ыстық тамақ ұйымдастырылады.

Мектептер, колледждер және қосымша білім беру ұйымдарының базасында 576 профильдік лагерь жұмыс істейді. Жалпы қамту 61 056 баланы құрайды. Әр мектепте маусым айында 9-10- сынып оқушылары үшін Ұлттық бірыңғай тістілеуге дайындық бойынша профильдік сыныптар ашылады.

Әлеуметтік осал санаттағы және түрлі есепте тұрған 35 389 баланы қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде мектеп лагерьлері, профильдік және қала сыртындағы демалыс орындары бар.

Бұдан бөлек, өңірде 41 шатырлы және киіз үй лагері жұмысын бастайды. Олар 4627 баланы қамтиды. Лагерьлер мектеп аумағында орналасып, туристік аймақ үлгісінде безендіріледі. Балаларға арнайы жабдықтар мен шеберлік сабақтарына арналған киімдер беріледі.

Сонымен қатар «Жолдама сыйла» акциясы аясында 3964 бала жазғы демалыспен қамтылады. Екібастұз өңірінің кәсіпорындары 2060 тегін сауықтыру жолдамасын бөледі. Ақсу ферроқорытпа зауытының қолдауымен балалар экологиялық орталықтар мен жеке лагерьлерде демалады.

Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекованың айтуынша, балалар сауықтыру ұйымдары ерекше бақылауда. Қазіргі уақытта лагерьлерде инженерлік желілерді тексеру, су жүйелерін залалсыздандыру, дезинфекциялау және медициналық бақылау жұмыстары жүргізілуде.

Аққу Самсен