Қыран мен аққу қоныс тепкен өңір: Павлодарда сирек құстар көбейіп келеді

Облыста Қызыл кітапқа енген және сирек кездесетін құстардың популяциясы тұрақты деңгейде сақталып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Мұсағалиев мәлім етті.
– Өңірді сирек кездесетін құстардың басым бөлігі тұрақты мекен етіп отыр. Бұл – жүйелі қорғау және мониторинг жұмыстарының нәтижесі. Мысалы, бүркіт популяциясы соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетуде: 2022 жылы – 214, 2023 жылы – 217, ал 2024 жылы 250 құс тіркелген. Негізгі мекен ету аймақтары – Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Ертіс өзенінің жайылмасы» мемлекеттік табиғи қорығы және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты, – деді ол.
Ал қабірші бүркіт (могильник) бүкіл облыс аумағында таралған, саны 130 басқа жетеді.
Бұдан басқа, балобан сұңқарының негізгі таралу аймағы – Ертіс жайылмасы мен «Ертіс орманы» резерваты, олардың саны 114 басқа тең. Далалық қыран болса Май, Баянауыл, Железин, Ақтоғай, Ертіс аудандары мен Екібастұз аймағында ұялайды. Саны тұрақты – жүзден аса.
Сондай-ақ, сақалтай (47 бас), ұзынқұйрық құмай (37), аққұйрық құмай (56) сияқты жыртқыш құстар да ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда тіркеледі.
– Сулы-батпақты алқаптардың құстарына тоқталсақ, сұр тырна «Ертіс өзенінің жайылмасы» және «Ертіс орманы» аумағын мекендейді, саны 65 басқа жетеді. Кіші аққу көктемгі көші-қон кезінде, атап айтқанда сәуір–мамыр айларында Ертіс жайылмасында байқалады, олардың саны 43 деп есептелген. Аққу-сыбырлақ популяциясы облыста кең таралған және тұрақты – соңғы санақ бойынша 2100 бас. Стрепет (дуадақ туыстасы) Павлодар, Ақсу, Май, Баянауыл, Железин, Ақтоғай, Ертіс аудандарында кездеседі. Есепке алу деректері бойынша олардың жалпы саны шамамен 800 басқа жетеді. Сонымен қатар олар «Ертіс орманы» резерваты аумағында да тіркелген, – деді Қайрат Мұсағалиев.
Айта кетейік, сирек және жойылып кету қаупі бар құстарды сақтау үшін облыста бірнеше бағытта кешенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, құқықтық қорғау: аң аулауға, атуға және заңсыз саудаға қатаң тыйым салынып, бақылау күшейтілген. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісі кеңейтілуде. Мекендеу ортасын қорғау: табиғи экожүйелерді сақтау, орманды кесуге және Ертіс жайылмасында аңшылыққа тыйым салу да қарастырылған.
Павлодар облысында жүргізіліп жатқан жүйелі экологиялық және қорғау шаралары сирек кездесетін құстардың популяциясын тұрақты деңгейде сақтауға мүмкіндік беріп отыр.