Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылуында эстрада жұлдыздары өнер көрсетті
Бейжіңде өткен гала– концертке Роза Рымбаева, «Ұлытау» тобы сынды танымал әртістер қатысты , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz ҚР Туризм және Спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
28 және 29 наурызда Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылуы аясында China National Opera House опера театрында гала– концерт өтті. Оған Қазақстан делегациясы қатарындағы министрлік, туризм, бизнес, спорт пен өнер саласының өкілдері қатысты. Салтанатты кеште отандық әртістер халқымыздың мәдениеті мен өнерін үлкен қауымға паш етті.
Қытай сахнасында Роза Рымбаева, Майра Мұхамедқызы, Зарина Алтынбаева, «Ұлытау» тобы, «Сазген сазы», Әли Оқапов, Рухия Байдүкенова мен Ақбике Алғи сияқты өнер майталмандары көрермендерді өз өнерімен тәнті етті. Әншілеріміз қытай халқына құрмет ретінде оларды ұлттық әндерін де шырқады. Қонақтар қытайлық әртістердің де өнерін тамашалады.
Оған қоса, жиналған қауым Астана балет, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театр ұжымдарының би мен хор өнеріне куә болды. Гала-концертпен бірге Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ашылу салтанаты да өз мәресіне жетті.