Железин орман шаруашылығында күзде екі миллионнан астам көшет егіледі
Аудан тұрғындары кесілетін ағаштарды шығару бойынша жұмыстарды жеделдетуі тиіс, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Железин ауылы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Үрлітүп мекемесінің мәліметінше, 2024 жылы көктемде 140 гектар алаңда қарағай тұқымдас 800 мың түп көшет отырғызылған.
Биыл күзде 360 гектар алаңда 2 057 040 түп қарағай тұқымдас көшетін отырғызу жоспарланған.
– Үрлітүп орман шаруашылығы күзгі орман-мәдени жұмыстардың үлкен көлеміне байланысты аудан тұрғындарынан 25 қыркүйекке дейін кесілетін ағаштарды шығару бойынша жұмыстарды жеделдетуді сұрайды, өйткені мекеме қызметкерлері қыркүйек айының соңынан бастап қараша айына дейін орман отырғызуға толық құрамда тартылатын болады, – дейді орман шаруашылығында.
Айта кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында республиканың мемлекеттік орман қоры аумағында ағаш отырғызу бойынша бес жылдық жоспарды жариялады. Оған сәйкес екі миллиард ағаш егілуі тиіс. Осыған байланысты 2021-2025 жылдарға арналған Павлодар облысының ормандарын молықтыру және орман өсіру көлемін ұлғайтудың кешенді жоспары әзірленді.