Ақсу тұрғындары дауылдан кейін туған қаласын ретке келтіруде

Ақсу тұрғындары дауылдан кейін туған қаласын ретке келтіруде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бірінші күннің өзінде бес мың тонна қоқыс жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша Ақсуда дауылдың салдарын жоюға бағытталған ауқымды сенбілік өтті. Сенбіліктің басты мақсаты — қаланы толық тазалап, көшелерді ретке келтіру.

Жұмысқа 500-ден астам адам және 100-ден аса бірлік техника жұмылдырылды. Қаладағы ірі кәсіпорындар – «ЕЭК» АҚ, АФЗ, «ДАНиЕР» ЖШС белсенді түрде қолдау көрсетті. Тазалау жұмыстары Черемушки, Беловка және Ақсу шағын аудандарын қоса алғанда, бүкіл қаланы қамтыды.

Алғашқы күннің қорытындысы бойынша бес мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 320 ағаш кесілді.

– Барлық қала тұрғындарына, коммуналдық қызметтерге, кәсіпорындар мен ұйымдарға белсенді атсалысқандары үшін алғысымды білдіремін. Біріккен жұмыстың арқасында қала біртіндеп қалыпты өмір ырғағына оралуда, – деп атап өтті Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов.

Табиғат апатының салдарын толық жойғанға дейін коммуналдық қызметтер бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын болады.

Еске салайық, Ақсудағы дауыл 18 әлеуметтік нысанды, 97 көпқабатты үйді және 281 жеке үйді зақымдады. Бүкіл қала тәулік бойы жарықсыз отырған. Барлық мәселелерді жою үшін жергілікті билік миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған.