Павлодарда жастар ата-анасының алтынын ломбардқа өткізіп, ақшаны алаяқтарға берген

Павлодарда жастар ата-анасының алтынын ломбардқа өткізіп, ақшаны алаяқтарға берген
Фото: жасанды интеллект

Алаяқтар жастардың қаржылық сауатсыздығы мен тәжірибесіздігін өз пайдасына жаратып, алдау тәсілдерін жетілдіріп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанаттың айтуынша, бүгінде жастар алаяқтардың құрбаны ғана емес, өздері байқамай қылмыстық схемалардың қатысушысына да айналуы мүмкін.

Әсіресе, 18-20 жас аралығындағы студенттер мен жастарға ерекше назар аударылып отыр. Алаяқтар оларға белгілі бір сыйақы ұсынып, банк шоттары мен карталарын ақша аударымдарын жүргізу үшін беруді сұрайды. Алайда жастар мұндай әрекеттің қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін көбіне түсіне бермейді.

– Осындай жағдайлардың бірінде жастар ата-аналары мен туыстарының жылдар бойы жинаған алтын бұйымдарын үйден алып, ломбардқа өткізген. Одан түскен қаражат кейін алаяқтарға аударылған. Кейбір жәбірленушілер алаяқтарға екі-үш миллион теңгеге дейін қаражат берген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Ризабек Жанат.

Алаяқтардың бұл схемасы психологиялық қысым жасауға негізделеді. Олар жастарға телефон шалып, ата-аналарының қауіп-қатерде тұрғанын немесе олардың банк шоттары тексеріліп жатқанын айтып, жалған ақпарат таратады. Содан кейін ақша қаражатын «қауіпсіз жерге сақтау» үшін аударуды ұсынып, үйде қолма-қол ақша немесе алтын бұйымдардың бар-жоғын сұрайды.

Жастарға несие рәсімдей алмайтынын, себебі жасы жеткіліксіз екенін айтып, ақша табудың басқа жолдарын ұсынуы мүмкін. Соның салдарынан кейбір жастар алаяқтарға өздерінің ғана емес, ата-аналарының да қаражаты мен мүлкін беріп жатады.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балаларымен мұндай қауіптер туралы тұрақты түрде сөйлесуге шақырады. Жасөспірімдер мен студенттерге банк картасын, шотын немесе оған қолжетімділікті бөгде адамдарға берудің қаржылық шығынмен қатар, қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін екенін түсіндіру маңызды.

Қазақстанда 2025 жылғы қыркүйектен бастап банк шотын немесе төлем құралын үшінші тұлғаға беруге байланысты заңнамалық жауапкершілік қарастырылған. Осыған байланысты құқық қорғау органдары, әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Полицейлердің айтуынша, бұған дейін дропперлердің басым бөлігін студенттер мен жастар құраған. Қазіргі уақытта олардың банк шоттары бұғатталғаннан кейін алаяқтар ақша қаражатын шығарудың жаңа жолдарын іздеп, шетел азаматтарын да дроппер ретінде пайдалануға көшкен.