Павлодарлық орманшылар жараланған құсты емдеді

Павлодарлық орманшылар жараланған құсты емдеді
Иллюстрация: AI

Қанаттының денсаулығы жақсарған соң Ертіс жайылымына жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Сарнауық торғайды облыстық жедел-жәрдем қызметкерлері ғимаратқа бара жатқан жолда байқап қалған. Дәрігерлер құсты бірден орман шаруашылығы инспекторларына тапсырды.

Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, құс біртіндеп қалпына келді.

– Құсқа су беріп, қоректендірдік. Үнемі бақылап, қамқорлыққа алдық. Толық айыққан соң міндетті табиғи ортасына қайтардық, – дейді Аждар Жүсіпов.

Сарнауық торғай – ерекше әрі көз тартар құс. Оның басында айқын айдары бар, қауырсыны түтін түстес сұрғылт, ал қанаты мен құйрығында ашық сары белгілері көзге түседі. 

Мұндай оқиғалар алғаш рет болып отырған жоқ. Биыл қыс ішінде орманшылар аққулар және жараланған еліктерді құтқарды. Қала шетінде тіпті қабандар да кездескен.

Фото: Аждар Жүсіпов